"Бұл - өте маңызды мәселе": Аймағамбетов жаңа бұйрыққа қол қоятынын айтты

0
445

​Елімізде енді мұғалімді жұмысқа алу мәселесін директор жеке өзі шеше алмайды. Арнайы конкурс өтетін болады.


ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмысқа тұрғызғаны үшін пара алатын директорлар мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Енді, шындықты бәріміз білеміз. Өмірде қандай жағдайлар болып жатқанын да көріп жүрміз. Сондықтан ондай мәселелердің, бұндай тәуекелдердің бар екенін мойындаумыз қажет. Біз оны білеміз. Білгеннен кейін арнайы нормаға бастамашы болып, оны заңнамаға енгіздік", - деді Аймағамбетов Antikornews студиясында.

Министр айтуынша, бұрын мектеп директоры мұғалімді жұмысқа қабылдағанда жеке өзі шешім қабылдайтын. Ал адам өзі шешім қабылдағанда сыбайлас жемқорлық қаупі бар. Бұдан бөлек, нақты бір талаптар болмады. Енді, мұғалімді жұмысқа алу мәселесін директор жеке өзі шеше алмайды. Бәрін конкурспен өткізеді.

"Мысалы, бір бос орын болса, оған алдымен жарнама жасап, хабарландыру беріледі. Нақты жалақысы, жұмыстың көлемі мен талаптары да көрсетіледі. Ал үміткерлер конкурсқа өз құжаттарын тапсырады. Әрине, ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз осы жұмыстың бәрін электронды форматқа ауыстыруымыз қажет", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Конкурс кезінде комиссия үміткерлердің кандидатурасын қарап, кәсіби маманды таңдайтын болады. Соның нәтижесінде мектепке білікті мұғалімдер келеді.

"Бүгінде осы норма білім туралы заңға енді. Оны іске асыру үшін министрліктің тиісті бұйрығын дайындап жатырмыз. Мен бір-екі жұманың ішінде осы бұйрыққа өзім қол қоямын. Содан бастап жаңа норма іске асады. Бұл – өте маңызды мәселе", - деді министр.

Айта кетейік, мамыр айында сөйлемді ежіктеп оқитын мұғалім туралы ақпарат тараған болатын. Ол Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде орыс тілінен сабақ береді. Сөйлемді әрең оқитын адамның балаларға қалай сабақ беріп жүргенін анықтау үшін журналистер мектепке барды. Бірақ жұмыс уақтысында директор орнында болмай шықты. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының айтуынша, ол отбасындағы жағдаймен байланысты шығып кетіпті. Ал сөйлемді ежелеп оқитын орыс тілі пәнінің мұғалімі 1 наурызға дейін балаларды оқытып келген, бүгінде декреттік демалыста.