Бурабай көлінде жаппай балық қырылды

0
692

«Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің директоры түсініктеме берді.


Бурабай көлінде жаппай балық қырылды

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Бурабай көлінде шабақ балықтар жаппай қырыла бастаған. Бұл туралы әлеуметтік желілерде видео таралды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Көл бетіне толып кеткен өлі балықтар тұрғындардың үрейін ұшырған.
Аталған жағдайға байланысты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, көлде ешқандай химиялық заттардан улану болмаған.

«Биылғы жаз уақытындағы аптап ыстық көлдің деңгейін едәуір төмендетті. Тексеріс барысында көл деңгейінің 35 сантиметрге дейін тартылғаны анықталды. Бұл табиғи жағдай. Көл көктем уақытында қар суымен толықса, жазғы уақытта арнасынан төмендеп кетеді. Бірақ биылғы ыстық ауа райы көлдің деңгейін жылдағы мөлшерден көп төмендеткен. Соңғы 5-8 күн жауған жаңбырдан кейін Сарыбұлақ өзені Бурабай көліне ағып, балықтар жылы суға қарай көтеріліп, судың бетіне атқып шыға бастаған. Дәл осы кезде балықтар бір-бірін басып-жаншыған тұста ұсақ шабақ балықтар қырылған. Мұндай жағдай балықтар көп шоғырланған кезде жиі болады. Ол онша көп те емес. Мыңдаған балықтың ішінен 5-6 келі шамасында майда шабақтар өлген. Көлден және өлген балықтарға зертханалық бақылау жасалды. Тексеріс барысында ешқандай қауіп-қатер анықталмады», - деді «Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің директоры Сергей Быков.

«Бурабай» ұлттық табиғи паркінің директоры аталған факт бойынша балықтарға да көл суына да зертханалық сараптаманың жүргізіліп жатқанын жеткізді.