Бұрын 5 жыл болса, енді 10 жыл: Баспана кезегіне тұратындарға қойылатын талап өзгереді

0
724

Қазір тізімде 646 мың адам бар.


Бұрын 5 жыл болса, енді 10 жыл: Баспана кезегіне тұратындарға қойылатын талап өзгереді

ERNUR.KZ. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспанаға кезекке тұру тәсілдері өзгеретінін айтты, деп жазады baq.kz.

Мәжілісте министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Оның сөзінше, жаңа механизмдерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардағы бөлек тізімдер Отбасы банкіне өзгеріссіз беріледі. Қазір тізімде 646 мың адам бар.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады.

  1. Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  2. жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  3. көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
  4. халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары;
  5. мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi;
  6. жалғыз тұрғынжайы авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.
Отбасы банкі базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады, оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан тұрғын үйге мұқтаж барлық азамат тұра алады. Әрбір өтінім үшін кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. Бұл азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамасын анықтауға мүмкіндік береді, - деп айтты Қанат Шарлапаев.

Ведомство басшысы атап өткендей, бұл жүйе тұрғын үйге мұқтажын растау үшін, кезекке тұру үшін, одан кейін ипотека алу үшін банкке бару сияқты бірнеше инстанцияға жүгінудің қажеттілігін жояды.

Бұған қоса ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Осылайша, тұрғын үйді, есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматты әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, табыс деңгейіне байланысты азаматтардың жалдау ақысын субсидиялау, арендалық тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыздар (жылдық мөлшерлеменің 2-5% мөлшерінде) түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі, - деп айтты Қанат Шарлапаев Мәжілісте.

Бұған қоса, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі - олардың меншігінде баспана болмауы.

Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген, - дейді заңдағы өзгерістер жайлы министр.