Бюджеттің ақшасы қайда жұмсалады – мәжіліс заң жобасын мақұлдады

0
571

2022 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен шамамен 4,7 триллион теңге бөлінеді. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 29,3%-і.


Бюджеттің ақшасы қайда жұмсалады – мәжіліс заң жобасын мақұлдады

ERNUR.KZ. Парламент мәжілісі 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Мәжілістің жалпы отырысында үш жылдық республикалық бюджет туралы заң жобасы қаралды.

Бюджет кірісі мен шығыстары

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, республикалық бюджет түсімі биылғы жоспарға қарағанда 432 миллиард теңгеге ұлғайып, 2022 жылы 13 триллион теңге шамасында болжанып отыр.

"Республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азаяды. Осы жылғы 43,6%-тен 2024 жылға қарай 28,6%-ке дейін төмендейді. Мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биылғы 56,4%-тен 2024 жылға қарай 71,4%-ке дейін өседі деп болжанған", - деді Жамаубаев мәжіліс отырысында.

Министрдің сөзінше, шығыстар келесі жылы 15,9 триллион теңгені құрайды. Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталады.

"Үш жылдық кезеңде әлеуметтік сала шығыстары 26,7 триллион теңге болады. Оның ішінде 2022 жылы биылғы деңгейге қарағанда 643,2 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 8,1 триллион теңгені құрайды. Шығыстардың көп көп бөлігі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен оларға көмек көрсетуге бағытталған", - деді ол.

Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға 2022-2024 жылдары 5,7 триллион теңге, оның ішінде 2022 жылы 1,8 триллион теңге жұмсалады. Осы қаражат аясында дәрігерлердің еңбекақысын өсіру көзделген.

Білім және ғылымды дамытуға үш жылға 7 триллион теңге, оның ішінде 2022 жылы 1,8 триллион теңге бағытталады. Бұл, Жамаубаевтың айтуынша, биыл бөлінген қаражаттан 477,1 миллиард теңгеге артық.

Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға орта мерзімді кезеңде 3,6 триллион теңге, оның ішінде 2022 жылы 2,0 триллион теңге бөлінеді. Осы бағыт аясында "Нұрлы жер", "Нұрлы жол", "Бизнестің жол картасы-2025", "Агроөнеркәсіп кешені" және басқа да мемлекеттік бағдарламалар іске асырылады. Олар біртіндеп ұлттық жобаларға ұласады.

Жамаубаев заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзету енгізілгенін айтты. Олар президенттің 1 қыркүйектегі жолдауын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған.

"Мәселен, 2022 жылы азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысын көтеруге 143,4 миллиард теңге көзделген. 2023-2024 жылдарға қажеттілік 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде ескеріледі", - деді министр.

Сондай-ақ "Ауыл – ел бесігі" жобасына, ауылдарды таза ауыз сумен, су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге, тұрғын үй шаруашылығын дамытуға қосымша қаражат көзделген.

2022 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен шамамен 4,7 триллион теңге бөлінеді. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 29,3%-і.

Ел экономикасы қалай дамиды

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтың айтуынша, республикалық бюджет жобасында мұнай бағасы барреліне 60 доллар деп алынған.

"Мұнай өндіру көлемі 2022 жылғы 87,9 миллион тоннадан 2026 жылы 107,4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9% болжануда. 2026 жылы 5,2% -ға дейін жетеді", - деді ол мәжіліс отырысында.

2022 жылы тауар экспорты 60,1 миллиард доллар, ал 2026 жылға қарай 79,8 миллиард долларға дейін ұлғаяды. Тауар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард доллардан 2026 жылы 43,4 миллиард долларға дейін артады.

Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2022 жылы – 4,0-6,0%, 2023-2024 жылдары – 4,0-5,0%, 2025-2026 жылдары – 3-4% шегінде сақталады деп болжануда.

2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 3,3%, кейіннен 2024 жылы 2,5%-ке дейін төмендейді.

2022 жылы мұнай емес тапшылық ішкі өнімге қатысты 8,1%-ті құрап, 2024 жылы 6,3%-ке дейін төмендейді.

Республикалық бюджет шығыстары 2022 жылы – 15,9 триллион теңге, 2023 жылы – 15,6 триллион теңге, ал 2024 жылы – 16,0 триллион теңге болжанып отыр.