​Дәрігерлер бедеулік проблемасын кешенді шешуді қолға алды

0
2 734

Алматыда Австрия, Литва, Польша және Ресейден келген мамандар бедеулік мəселесін шешу үшін бас қосты


​Дәрігерлер бедеулік проблемасын кешенді шешуді қолға алды

ERNUR.KZ. Алматыда Австрия, Литва, Польша және Ресейден келген мамандар бедеулік мəселесін шешу үшін бас қосты, деп жазады ҚазАқпарат.

Адамның репродуктивтік денсаулығы жайындағы бұл форум Ғылыми урология орталығының академик Б.О.Жарбосыновты еске алуға орай ұйымдастырылып отыр.

Бір айта кетерлігі, аталған жиынға бала сүйе алмай жүрген отбасылардың мәселесін шешу үшін тек қана уролог пен гинекологтар ғана емес, эндокринолог, генетик, психолог сияқты мамандар жиналды.

«Бірінші рет бұл проблеманы кешенді түрде шешуді қолға алып отырмыз. Бұған дейін репродуктивті денсаулық тек гинеколог пен урологтардың мәселесі болып келсе, ендігі кезекте оны генетик, эндокринолог, психолог сияқты мамандар мультидисциплинарлы түрде шешеді. Негізінен бедеуліктің факторлары аз емес. Оның бірі экология, адамның қозғалыссыз өмір сүру салты, кеш үйлену, өзін-өзі шектеу деген сияқты себептері көп. Осылардың басын біріктіріп, дәрігерлер ортақ нұсқаулық жасамақшы. Бұл құжат кейін азаматтарымыздың репродуктивті денсаулығын сақтауға септігін тигізетін бағыт болмақ», - деді «Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Әнуар Аманов.

Оның айтуынша, бүгін орталық шеңберінде литвалық дәрігерлер тобы 2 шеберлік сыныбын өткізді.

Сонымен қатар, конференция кезінде 3 лапороскопиялық отаның тікелей трнансляциясы жүргізілді.

Оның бірінде ресейлік белгілі дәрігер Эдуард Галлямов ер адамның қуықасты безінің аденомасын алу бойынша ота жасады. Осылайша отандық дәрігерлер радикалды простатэктомия әдісін онлайн режімде үйренді.

Одан бөлек Дағыстан астанасы Махачкала қаласымен тікелей телемост ұйымдастырылып, Ресейдің жетекші урологы Алексей Мартовтың отасы да тікелей эфирден көрсетілді.

Айта кету керек, Жарбосынов атындағы урология орталығында жыл сайын 5 мыңға жуық ота жасалады.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жас отбасылардың 15 пайызы бала сүйе алмайды. Статистика бойынша, әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бала көтеруде қиындықтарды бастан өткереді.

Күрделі демографиялық жағдайды реттеу - Қазақстанның заманауи мемлекеттік әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. «Қазақстан-2030» стратегиясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыттарының қатарына күшті демографиялық саясатты енгізу қажеттігін баса айтты.

Еуропалық урологтар қауымдастығы деректеріне сай, Қазақстанда отбасылық жұптардың 25 пайызы ерлі-зайыптылық өмірдің бірінші жылында бала көтермейді. Олардың 15 пайызы бедеулікке қарсы емделсе, ал 5 пайызы баласыз қалады. Әрбір алтыншы жұп бала көтеруде қиындықтарға тап болады. «Бедеулікке жұптардың біреуінің немесе ерлі-зайыптылардың екеуінің де репродуктивтік қызметінің бұзылуы себеп болуы мүмкін. Бұрын баласыздық мәселесіне әйелдердің бедеулігі себеп деп есептеліп келсе, бүгінде мамандардың пікірінше, осындай жағдайлардың 45 пайызын еркектердің факторы құрап отыр. Соңғы жылдары әлемде ер адамдардың репродуктивтік денсаулығы айтарлықтай төмендеп барады. Оған экологияның нашарлығы, қозғалыссыз ұзақ уақыт отыру, үнемі шаршағандық сезімі, кеш неке құру, ретсіз жыныстық қатынас, өз бетінше емделу ықпал етіп отыр. Ал, ерлердің белсіздігінің себептері көп. Әйелдердің репродуктивтік денсаулығы алаңдаушылық тудырып отыр.

Аталған форумда ерлер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулығын қорғау бойынша мамандар мен мамандықтардың пәнаралық симбиозына, сонымен бірге медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға жол ашылды. Халықаралық мамандар: Вена урологиялық қорының профессоры Боб Джаван, Польшадан келген профессор Марек Завадский ер адамдарға көмекші репродуктивтік технологияларды қолдану, ерлердің белсіздігіне зертханалық диагностика жүргізудің генетикалық аспектілері мен жаңашылдығы, урологияда дәрі-дәрмектік терапияға қол жеткізу, қуықасты безі аденомасын емдеу инновациясы, заманауи шағын инвазиялық урология, пластикалық урология тақырыбындағы тəжірибелерімен бөлісті.