Азамат циркуляр арамен ағаш кесіп жатып, оқыстан қолы құрылғының астында қалып қойған.
ERNUR.KZ. Тараз қаласының дәрігерлері қала тұрғынының арамен кесіп алып, бөлініп қалған қолын отамен қайта орнына тігіп берді, деп жазады ҚазАқпарат.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сай, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының жарақат пунктіне 30 жастағы тұрғын қансырап, ауыр халде келіп түскен. Азамат циркуляр арамен ағаш кесіп жатып, оқыстан қолы құрылғының астында қалып қойыпты. Салдарынан алақаны екіге бөлініп, түсіп қалған. Қасында ешкім болмаған соң, біраз уақыт есінен танып жатып көп қан жоғалтса керек. Абырой болғанда, сол маңнан өтіп бара жатқан танысы көріп, жедел жәрдем шақыртады. Қалалық көпбейінді ауруханада оған шұғыл түрде 4 сағат бойы ота жасалып, нәтижесінде алақанның қалған жарты бөлігі мен саусақтары аман қалды.
Ажалдан аман қалған азаматтың дәрігерлерге деген ризашылығы шексіз.
«Ағаш кесіп жатып, араның тигенін және оң қолымның алақаны бөлініп түсіп қалғанын білемін. Басқасы есімде жоқ. Өзімді өлдіге санадым. Үмітім үзілген еді, бүгінде дәрігерлердің арқасында қайтадан өмірге деген құштарлығым оянды»,- дейді науқас.
«Қазір науқастың жүйке жүйесі қалпына келіп жатыр. Отаның нәтижесі жақсы болады деген үмітіміз арта бастады. Бәрі ойдағыдай болса, аяқ киімінің бауын байлап, қайта қасық ұстай алатын болады. Әдетте, мұндай жарақат кезінде дене мүшесін алып тастаудан басқа амал жоқ. Бірақ, науқастың уақыт оздырмай, бізге жеткізілгені - үлкен септігін тигізді. Осындай жарақаттардың көбі – болгарка арасын дұрыс пайдаланбаудан болып жатады. Ол теріні жыртып кетеді. Сондықтан, оны ұстағанда аса абай болған жөн»,- дейді жарақат пункінің меңгерушісі Олег Шайюнусов.