Дәрігерлердің жалақысы 531 мың теңгеге дейін көбейеді

0
426

Дәрігерлер жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерінің жалақысы 173 мыңнан 250 мыңға дейін өседі.


Дәрігерлердің жалақысы 531 мың теңгеге дейін көбейеді

ERNUR.KZ. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Сенат қабырғасында 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру турасында жұмыс жоспарын таныстырды, деп жазады Ulysmedia.kz.

«1,1 млннан аса жұмыскердің еңбекақысын арттыру көзделді. Оның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлық ақысы ұлғайтылады. Ішінара айтсам, дәрігерлер жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерінің жалақысы 173 мыңнан 250 мыңға дейін өседі. Педагогтардың да жалақысы өседі. Уақыт үнемдеу үшін барлығына тоқталып отырмайын», - деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының 258 мың өндірістік персоналының жалақысы 5 пайыздан 48 пайызға дейін көтерілген. Бұл ретте жалақысы төмен лауазымдарға басымдық берілген.

«Айталық, «Қазпоштадағы» курьердің еңбекақысы 144 мыңнан 237 мың теңгеге дейін өсіп отыр. Мемлекеттен қолдау алатын ірі бизнеске қатысты міндеттемелерді белгілеу есебінен, онда істейтін 2,8 млн қызметкердің орташа жалақысы өседі. Ашығын айтқанда, мұндай талапты бірінші рет қойып отырмыз», - деді Тоғжанов.

Ол сондай-ақ қазір Қазақстан бойынша ірі өнеркәсіп орындардағы жалақы мөлшерін 15 пайыздан 30 пайызға көтеруге қол жеткізілгенін атап өтті.

«Нақты жүзеге асырылған шара бүгінгі таңда осы. Оның ішінде «Казминералс» - 15 пайыз, «Қазазот» - 20 пайыз, «RG» компаниясы – 25 пайыз, «Қазақмыс» 30 пайыз көтеріп отыр. Бұл аталғандары тек ірілері. Олардың ішінде 150 компания бар. Бәріне қадағалау қойып отырмыз», - дейді Тоғжанов.