Депутат Үкіметке мемлекеттік банк құруды ұсынды

0
600

Бұл банк ауыл шаруашылығы, құрылыс және өнеркәсіп саласына маманданған болуы керек.


Депутат Үкіметке мемлекеттік банк құруды ұсынды

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров елдегі қаржы нарығын оңалту үшін мемлекеттік банк құруды ұсынды, деп жазады ҚазАқпарат.

Оның пайымынша, бұл банк ауыл шаруашылығы, құрылыс және өнеркәсіп саласына маманданған болуы керек.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматовтың және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымованың атына жолданған сауалда елдің банк саласында дағдарыс бас көтеріп келе жатқаны айтылған.

«Қазақстан халық партиясының фракциясы геосаяси себептер мен елдегі банк саласын басқарудағы әлсіздіктердің кесірінен банк дағдарысы белең алып келеді деп есептейді. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенімізге қарамастан, ресейлік банктерден басқа ірі банктер Қазақстанда жұмыс істеуге кірген жоқ. Қазіргі санкцияларға да сол ресейлік банктердің еншілес банктері тап келіп жатыр. Кейінгі бес жылда Қазақстанның банк саласында оларға тиесілі активтердің көлемі 15 пайызға дейін өсті. Ресейлік еншілес банктердің салымдарының көлемі 3 трлн 500 млрд теңгеге дейін көбейді», - деді Айқын Қоңыров бүгін Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы факторларды негізге алған депутат бірнеше ұсыныс айтты.

«Біз жаһандық монетарлық билік өкілдері Ресей Федерациясының серіктес елдердің қаржылық секторына салатын санкцияларды қаншалықты қатайтатынын білмейміз. Қазақстан осы санатқа жатады. Осыған байланысты Қазақстан халық партиясы банк секторын түбегейлі қайта жүктеуге үндейді. Салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тәсілін түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Мемлекеттік бағдарламалар мен Ұлттық жобаларды іске асыру үшін мемлекет қаражатын коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік институтаттар арқылы бөлуден бас тарту қажет. Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені, құрылыс және өнеркәсіп салаларындағы мемлекеттік банк құруды ұсынамыз. Ол банктің басым бағыты валюта биржасындағы алыпсатарлық пен Ұлттық банк ішінде салым құю емес, экономиканы дамыту болуға тиіс», - деді депутат.

Сондай-ақ Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында Балалар жылын өткізу жоспарындағы шаралардың санын азайту ұсынылды.