Депутат Ғалым Әміреев осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдады.
ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар азық-түлік бағаларының қымбаттығына алаңдап, бағаны реттейтін бір органды бекітуді ұсынды, деп жазады baq.kz.
Депутат Ғалым Әміреев осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдады.
Ол депутаттық корпус азық-түлік тауарларының бағасының көтерілу мәселесін бірнеше рет көтеріп, сауал жолданғанын айтты.
"Сауалға алынған жауап бізді қанағаттандырмады және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына байланысты жағдай жылдан жылға қайталанып келеді. Ал бағаға байланысты жағдай жылда дәл сол бір уақытта қайталанады әрі бұл проблеманың алдын алып, шешуге де болады екен. Осыған байланысты, біздің ойымызша, бірден-бір шығу жолы ел ішінде де, шетелде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын болжау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу. Бізге кемінде жарты жыл-бір жылға арналған баға болжамы қажет, сонда ғана біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тізгіндей аламыз", - деді Ғалым Әміреев.
Мәжіліс депутаты сауалға бірде-бір ведомство бағаны болжаумен айналыспайды деген жауап алған.
"Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар, бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктердің құрылымдарында азық-түлік бағаларын талдау мен болжаудың қолданыстағы жүйесі жоқ деген жауап берілді. Бір жағынан азық-түлік бағасы қымбаттаса, екінші жағынан фермерлер мен шаруашылықтар өнімін сауда жүйелеріне өткізе алмай, сарсаң салып жүр. Онымен басын қатырып отырған адам жоқ", - дейді ол.
Депутат атап өткендей, бүгінде қажетті инфрақұрылым бар, қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр, жылдан жылға біз тұрақтандыру қорларын қаржыландыруды ұлғайтудамыз. Алайда, басқару мен болжаудың бірыңғай орталығы, нақты жұмыс жоспары жоқ, бағаның әрбір күрт өсуінен кейінгі салдармен ғана күрес жүргізіледі, бағаны тежеу жөніндегі жұмыстағы сәтсіздіктер үшін жауаптылық көзделмеген, яғни, қашан әрі не сатып алу және проблемаларды қалай шешу керек екені туралы нақты сигнал беретін елде ешкім жоқ.
"Өңірлердегі филиалдарымен бірге агроөнеркәсіптік кешеннің орталықтандырылған болжамдық-талдамалық орталығын құру қажет. Мұндай орталықты құру агроөнеркәсіптік кешенді «өрт командасы» режимінде басқарудан жоспарлау және тәуекелдерді болжау негізіндегі басқаруға сапалы көшуді қамтамасыз етеді. Бұл орталық елдің агроөнеркәсіптік кешені туралы барлық мемлекеттік ақпараттық ресурстарды интеграциялау, ауыл шаруашылығының салалары мен инфрақұрылымының жай-күйі туралы деректерді жинау мен талдаудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру, аграрлық азық-түлік нарықтарының дамуын болжау мақсатында құрылуға тиіс. Орталық ауыл шаруашылығы салаларының, аумақтар мен нарықтардың жай-күйі туралы өзекті есепті материалдарды қалыптастырып, онлайн режимінде интерактивті кеңестер өткізуге тиіс", - деп ұсынды депутат Әміреев.
Ол Үкіметтен агроөнеркәсіптік кешеннің болжамдық-талдамалық орталығын құру мүмкіндігін қарап, орталықты құруға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларына жауапты бір мемлекеттік органды айқындауды сұрады.