12 сәуірден бастап елімізде АИ-92 бензині мен дизель бағасы көтеру қарастырылған.
ERNUR.KZ. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Асқар Садықов жанармайдың қымбаттауы жағдайында төмен отбасылар мен әлеуметтік тауар өндіретін шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді ұсынды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Энергетика министрлігінің жанармай бағасының көтерілетіндігі туралы мәлімдемесі халықтың үлкен наразылығын тудырды. Сонымен қатар нарықтық экономика жағдайында бағаны жасанды ұстау шетелдік және көлеңкелі субъектілердің ішкі жанар-жағармай нарығын тауысуына алып келеді. Бұл ұлттық экономикаға тікелей залал келтіреді. Көрші елдерге жанар-жағармай экспортының артуы жағдайында тапшылықты болдырмау үшін бағаны теңестіру амалсыз. Бірақ прагматикалық шешім болғанын мойындауымыз керек», - деді А. Садықов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, бірақ Үкімет бұл бағытта коммуналдық қызмет тарифтері мен ауыл шаруашылығы өнімдері, халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі салдарын ескермей, бұл қадамды тиісті деңгейде зерделемей іске асыра бастады.
«Мұндай тәсілмен жанармай бағасының көтерілуі халықтың аз қамтылған топтарына, сондай-ақ ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге, шағын және орта бизнеске зиянын тигізеді. Жанар-жағармай материалдарының баға құрылымы өз алдына бөлек мәселе. Мәселен, Ресейде бір литр бензиндегі шикізат құны 12 пайызды, ал 69 пайызын салық пен акциздер құрап отыр. Яғни, жанармайдан табыс бірінші кезекте бюджетке түседі. Қазақстанда бензин бағасы бойынша шикізат құны 58%, ал салық бар болғаны 15 пайыз шамасында. Яғни, бізде бағаның көтерілуінен мұнай компаниялары мен делдалдар пайда көріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мұндай делдалдарды анықтап, жұмысын шектеуді талап етуі бекер емес», - деді депутат.
Жоғарыда айтылғандарға қатысты «Ақ жол» фракциясы мынаны ұсынады:
1. Жанар-жағармай бағасын көтеру туралы шешімге қосымша халықтың аз қамтылған топтарын қорғау іс-қимылдарымен толықтыру керек. Атап айтқанда, осыған қатысты шығыстар (коммуналдық қызметтер, көлік) үшін атаулы жәрдемақы төлемдерін енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды.
2. Жанармай бағасының өсуіне байланысты әлеуметтік маңызы бар тауарларды (азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім және аяқ киім) өндіретін шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп кешені өкілдері үшін (энергия және көлік шығындарына) белгіленген тарифтер енгізу мәселесін пысықтау қажет.
3. Мұнай-газ саласындағы делдалдық фирмаларды анықтап, қызметін шектеу бойынша шара қабылдау керек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 12 сәуірден бастап елімізде АИ-92 бензині мен дизель бағасы көтеру қарастырылған.