Депутаттардың орындалмайтын ұсыныстары "хайп" үшін бе

0
2 903

Депутаттар Қазақстанда ана капиталын енгізіп, бала дүниеге келгені үшін 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды.


Депутаттардың орындалмайтын ұсыныстары

Бүгінде депуттаттар әлеуметтік мәселелерді жиі-жиі көтеріп, түрлі ұсыныстарын премьер-министрге жолдап жүр. Бастамалар жұрт арасында да жиі талқыға түсуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Несие амнистиясы, 21 мың теңге, зейнет жасын төмендету, 4 миллион 2 мың теңге! Соңғы уақытта мәжілісмендер түрлі ұсыныстар айтып, өзекті мәселелерді жиі көтеретін болды. Әрі айтқандары әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Алайда халық қалаулыларының орындалуы екіталай мұндай бастамаларын жұрттың бірі хайп десе, өзгесі күлкі шақыратынны айтады.

Әлеуметтік мәселелерді отырыс құрғатпай көтеріп жүргендердің бірі - Айқын Қоңыров. Мәжілісмен былтыр несие амнистиясын жариялап, жерді де тегін таратып беруді ұсынған болатын. Депутаттар Қазақстанда ана капиталын енгізіп, бала дүниеге келгені үшін 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды.

«Өз құқықтары шектелген қаржы институттарының қысымымен қалу қаупі бар жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды кредиттік рақымшылық жүргізу қажет», - деді депутат.

Ал Александр Милютин зейнет жасын 60-қа төмендету керек деген еді. Бірақ еңбек министрі бұл мәселе әзірге күн тәртібінде жоқ деп кесіп айтқан болатын.

«Азаматтардың жынысына қарамастан зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек. Кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін көтерудің мәні жоқ. Ең төмен базалық зейнетақы жыл сайынғы орташа жалақыға тең болуы қажет», - деді Милютин.

Ал блогер Алмас Тоқабаев депутаттардың мұндай мәселені қозғап жатқаны орынды дейді. Себебі.

"Депутаттар осындай ұсынысты айту керек, айтылу керек. Нақты сол 4 млн бере алмаса да бұл мәселе жиі көтерілсе, жәрдемақының 60-70 мың, оны 2-3 есе көбейтсе, дәл қазіргіге жақсырақ болар еді. Мейлі популизм болсын, айтылған нәрсе піскен кезде орындалады деп ойлаймын", - деді блогер Алмас Тоқабаев.

Қоғам белсендісі Айша Құрманғали мәжілісмендердің кейбір ұсыныстары популизм, бірақ үнсіз отырғаннан гөрі өзекті мәсепелер жиі көтергені әлдеқайда дұрыс деп есептейді. Өйткені.

«Үнсіз отырғаннан гөрі айтылғаны дұрыс. жеткізгені. Үкіметтің есіне салып отырғаны дұрыс. Кейбір мәселелердің шешілмейтіні біле тұрса да, өзінің көрсетіп қалғысы келеді», - деді қоғам белсендісі Айша Құрманғали.

Ал өткен аптада депутат Ерлан Смайылов халықтың қолайына әбден жағатын, бірақ іске асуы екіталай ұсынысты айтып қалды. Оның есебінше, мемлекет жаңадан туған сәбиге кемі 4 млн 200 мың ақша төлеуі керек. Өйткені еліміздегі әрбір алтыншы бала кедей отбасында тәрбиеленеді екен.

"Елімізде аналық капиталды енгізу қажеттілігі туындап тұр. Ол бойынша мемлекет Қазақстан азаматтарына дүниеге келген әр бала үшін 4,2 миллион теңге беруі тиіс. Бұл қаражат отбасының баспана мәселесін реттеуіне немесе баланы оқытуға, ананың зейнетақы жинағына жұмсалуы керек", - депутат Смайылов.