Димаштың әкесі ұлының желіде тараған суреттеріне қатысты түсініктеме берді

0
2 258

​Әлеуметтік желілерде Димаштың суретін қолданып, түрлі партияларға дауыс беруге "үндеу жасап" жүрген суреттері таралып жатыр.


Димаштың әкесі ұлының желіде тараған суреттеріне қатысты түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі – Қанат Айтбаев ұлының түрлі партияларға дауыс беруге "үндейтін" суреттеріне қатысты пікір білдірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"Әлеуметтік желілерде Димаштың суретін қолданып, түрлі партияларға дауыс беруге "үндеу жасап" жүрген суреттері таратылып жүр екен. Халықаралық келісімшарттарымызға сәйкес және өмірлік ұстанымы бойынша ол ешқандай саяси науқанға қатыспайды. Танымал тұлғаның суреті мен есімін заңсыз қолдануға болмайды!", - деп жазды Айтбаев.


Осы жазбаға қатысты бірнеше сағат ішінде жүздеген пікір жазылды. Халық Димашты саясаттан аулақ ұстау қажеттігін жазып, әкесіне алдын ала ескерткені үшін алғыс жазып жатыр. Димаштың суретін үгіт-насихат үшін пайдаланған партияларды көргенін де жеткізді.

10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтеді. Халық партиялық тізім бойынша дауыс береді. Ал кандидаттардың тізімін партия әзірлейді. Осы жолы сайлауға бес саяси ұйым түседі. Олар:

  • Nur Otan;
  • "Ақ жол" партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы Коммунистер партиясы);
  • "Ауыл" партиясы;
  • "Адал" партиясы (бұрынғы "Бірлік" партиясы).

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, алдағы сайлауда 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихаттар (596) және 163 аудандық мәслихаттар (2 091 мандат) бар. Мәжілістің 98 депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді.