Бүгінгі таңда ұзақ мерзімді тұрақтылықты іздеуде күш-жігерді, рухани беделді біріктіру үшін діннің бүкіл бейбітшілік әлеуетін дұрыс пайдалану өте маңызды.
ERNUR.KZ. Діндер мен халықтар арасындағы бейбітшілік пен сенімді нығайтуға көп көңіл бөлеміз. Бұл туралы елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің жабылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Біз осы съезде өте маңызды идеялармен бөлісіп, өзекті мәселелер бойынша өте қызықты ұсыныстар әзірледік. Ең бастысы, біз діндер мен халықтар арасындағы бейбітшілік пен сенімді нығайтуға көп көңіл бөлеміз. Біз халықтардың өзара жатсынуына, мемлекеттіліктің бұзылуына және халықаралық байланыстың үзілуіне ықпал ететін күш саясатын да, зорлық-зомбылық тілін де біржақты айыптадық»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бүгінгі таңда ұзақ мерзімді тұрақтылықты іздеуде күш-жігерді, рухани беделді біріктіру үшін діннің бүкіл бейбітшілік әлеуетін дұрыс пайдалану өте маңызды.
«Барлық діндер гуманитарлық мұраттарға, үстемдіктің маңыздылығын, адам өмірінің құндылығын және бейбітшілік пен жасампаздыққа деген ұмтылысты тануға негізделген. Тұтастай алғанда, бұл іргелі қағидаттар тек рухани салада ғана емес, сондай-ақ түрлі мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуында және халықаралық саясатта көрініс табуы тиіс», - деді ҚР Президенті.