​«Дипломмен ауылға» барғандар қарызға белшеден батты

0
2 392

Бағдарлама бойынша туып-өскен жерін көркейтуге барған 135 маман мемлекетке 20 млн. теңгеден астам берешек болып қалған.


​«Дипломмен ауылға» барғандар қарызға белшеден батты

иилюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасынан шу шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бағдарлама бойынша туып-өскен жерін көркейтуге барған 135 маман мемлекетке 20 млн. теңгеден астам берешек болып қалған. Бұл - баспана алу үшін берілген жеңілдетілген несиені уақытына төлемегендері үшін қосылған үстемақы көрінеді. Алайда, осындай жағдайға тап болған мұғалімдер мен дәрігерлер, ветеринарлар 9 жылдан бері қарыздарын еш кешіктірмей, уақытында төлеп келгендерін айтады. Осылай деген олар қомақты өсімпұлдың қайдан шыққанын білмей дал болуда.

Азамат Тілеулиев 2010 жылы апатты жағдайдағы үйді 830 мың теңгеге сатып алған. 9 жыл ішінде несиесінің 500 мың теңгесін төлеген. Несиесінің пайызы 700 мың теңгеден асып жығылады. Бұл қарыздың қайдан пайда болғанын түсіне алмай дал.

Үш баласы бар Азамат 80 мың теңге айлығы шайлығынан артылмайтынын айтады. Соның өзінде олардың аузынан жырып, несиені уақытында төлеп жүр екен. Алайда, не үшін өсімпұл қосылғанын түсіне алмай жүр. Себебін білмек болып «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау» қорына барыпты. Қарызы 400 мың, өсімпұлы 300 мың теңгеден асып кеткенін естігенде есінен танып қала жаздаған.

"Бұның сыртында 817 мың жылжымайтын менің 9,5 жылда төлеген ақшам, төлемім түгел түскен взносым, разнос жасаған кезде түгел қарыз болып кеткен. Оның сыртында 817 мың тағы бар дейді. Сонда есептей беріңіз 890 мың дегеніңіз 15 жылға құйылатын болса, сонда ары қаратай тағы 15 жыл құюым керек пе?", - дейді ол.

Аудан екіге бөлінбей тұрған кезде, яғни 2010 жылы Райымбек ауданына 260 жас отбасы қоныс аударған екен. Дені білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салысының мамандары. Қазір олардың 50 пайыздан астамының мемлекетке 20 миллион теңге қарыз. Жас отбасылар бастапқыда несиелерін өздері төлеп келіпті. Кейін бухгалтерия жалақыларынан аударып отырған.

"2019 жылдың қаңтар айында біздің бухгалтерияға отчет келеді. Біз білмейміз қандай отчет екенін. Сол жерде менің күйеуімнің, жолдасымның Сайлаубайұлы Русланның атына 513 мың просрочка, пеня келеді. Түсінбедік! Фондқа бардық бірінші. Біз ай сайын төлеп отырмыз. Қолымызда түбіртегіміз бар, платежный поручениеміз бар, барлығын алып. Фонд басымды қатырмаңдар деп шығарып салды", - дейді ауыл тұрғыны Медина Дүйсенбайқызы.

Сонымен қатар, тағы бір ауыл тұрғыны Рита Ұланқызына да 251 мың теңге қарызсың деп ақпарат келген. Бірақ, бұл уақытқа дейін ешқандай қарыз болмағанын айтады ол.

Аудандық білім бөліміндегілер де несие ақшасы уақтылы аударылып отырғанан жеткізді. Бірақ, өсімпұлдың қайдан шыққанын олар да білмейді екен.

"Несиеге қарыз адамдар өз өтініші негізінде бухгалтерияға өтініш берген, менің жалақымнан ұстап отыр деп. Ал негізінен біздің бухгалтерия бойынша, орталықтандырылған бухгалтерия болғандықтан ай сайын аударылып отырған. Барлық несиелер қоры. Бірақ, негізінен өсім пайызы 1 маусымда келіп отырғандықтан, мысалы қандай өсім берілгенін, қалай өсіп кеткенін мәселені біз түсінбейміз", - деп отыр аудандық білім бөлімінің бас маманы Нұрбол Көншібаев.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау" қыоры Алматы облысы бойынша 3 мың отбасына несие беріпті. Соның ішінде мың отбасы уақтылы төлемеген деп отыр. Олар "бар гәп несие алушылардың өздерінде" дейді.

"Егер пеня жүрсе, ол несие алушының тікелей міндеті. Өзінің кешіктірілу салдарынан шыққан бәле. Ол жаңағы несие алушы айтуы мүмкін: "мен бухгалтерияға бердім, мен әкімге тастап кеттім". Ондай нәрсе болмайды ғой. Несиені алды ма, фондқа жеткізу керек!. Оның міндеті. Уақтылы жетпесе 0,1 пайыз ол келісім-шартта қарастырылған", - дейді Әмір Қамыранбай, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары.

Борышкерлер базыналарын айтып, құзырлы органдарға да шағымданыпты. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Ал "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының" басшылығы сотқа жүгініп, барлық қарызды өсімпұлымен бірге өндіріп алмақ ниетте.