Disney шығармаларын жарыққа шығаруға 1 жыл уақыт кетті, дейді баспагерлер.
ERNUR.KZ. 14 анимациялық кітап мемлекеттік тілге аударылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Түрлі-түсті кітаптар Алматы жұртшылығына таныстырылды. Шараға келген кішкентай оқырмандар Алладин, Рапунцель, Мулан сынды кейіпкерлер бейнеленген кітаптарға ерекше қызықты. Ертегі кейіпкерлерінің кейпіне енген актерлер балалармен бірге ойнап, көңіл көтерді. Disney шығармаларын жарыққа шығаруға 1 жыл уақыт кетті, дейді баспагерлер. Қажетті рұқсат құжаттарына қол жеткізу оңай болмапты. Балаларға жасалған базарлық 28 мың данамен жарыққа шықты. Оның 8 мыңына қазірдің өзінде тапсырыс беріліп қойған. Аңызға айналған шығармалар жас оқырмандарды достыққа, мейірімге тәрбиелейді, дейді балалар әдебиетінің өкілдері. Шараға жиналғандар балаларға кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
– Біз үшін үлкен жұмыс болды. Аудару, жалпы шығару мәселесі 1 жылдан астам уақытты талап етті. Сондықтан оқырман қауымға, балаларға, ата-аналарға бұл кітаптар ұнайды деген үміттеміз. Қазіргі таңда балаларға арналған әдебиеттің тапшы екенін бәріміз білеміз. Қазақ тіліндегі әдебиеттердің жоқтың қасы екенін бәріміз де біліп жатырмыз. Біз бұдан бөлек кітапфест фестивалін ұйымдастырамыз, - дейді баспагер Майра Алжанова.