Докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады - Аймағамбетов

0
1 666

Диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілді.


Докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады - Аймағамбетов

иллюстрациялық фото

Биылдан бастап докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақ қорғай алады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарғанын білесіздер. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл санға емес, сапаға бағытталған өзгеріс өткен жылы енгізілген болатын.

Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады.

Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек.

Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.

Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді.

Дегенмен, бұл балама әдіс ретінде пайдаланылады. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады", - деп жазады министр.