Сондай-ақ, түрік лирасы 6,9%-ке, Индонезия рупиясы – 3%-ке, Аргентина песосы – 3,3%-ке, Ресей рублі де 3,6%-ке әлсіреген.
ERNUR.KZ. Инвесторлар коронавирустың екінші толқынына алаңдаушылық білдіруіне байланысты дамушы елдер валюталарының жалпы әлсіреу үрдісі сақталуда. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев бүгінгі Үкімет отырысында айтты, деп жазады baq.kz.
Оның айтуынша, дамушы елдер валюталарының әлсіреуі аясында теңгенің айырбастау бағамы шілдеден бастап 10 тамыздағы жағдай бойынша бір АҚШ доллары үшін 404,07 теңгеден 418,31 теңгеге дейін 3,5%-ке әлсіреген.Теңгенің әлсіреуі бір баррель үшін 40 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тіркелген мұнай бағасын белгілеумен тежеледі. 7 тамызда мұнай бағасы мұнай қорының төмендеуі және ОПЕК+ мәмілесінің сақталуы аясында бір баррель үшін 44,4 доллар деңгейінде бекіді. Республикалық бюджетке кепілдік берілген трансфертті бөлу мақсатында Ұлттық қор активтерін конвертациялау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөніндегі ұзартылған шаралар ұлттық валютаға ішкі қолдау көрсетті, - деді Досаев.Сондай-ақ, ол осы аралықта түрік лирасы 6,9%-ке, Индонезия рупиясы – 3%-ке, Аргентина песосы – 3,3%-ке, Ресей рублі де 3,6%-ке әлсірегенін айтты.