ҚХР азаматшасы кінәсін толықтай мойындаған.
ERNUR.KZ. «Эйр Астана» ұшағында қазақстандықтың қомақты қаражатын ұрлаған Қытай азаматшасы ұсталды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының желілік полиция бөліміне 40 жастағы Қазақстан азаматшасы жүгініп, «Эйр Астана» әуе компаниясының «Бейжің-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе кемесімен ұшып келе жатқанда қол сөмкесіндегі 4 500 АҚШ долларының (1 744 290 теңге) жоғалғанын айтып шағымданды. Көлік полициейлері жедел іздеу барысында осы рейспен ұшып келген 1993 жылы туған ҚХР азаматшасын анықтап, ұстады», - деп атап өтеді департаменттен.
Ведомство мәліметінше, Қытай азаматшасының сөмкесін тексеріп қарау барысында жоғалған 1 744 290 теңге табылған.
«ҚХР азаматшасы кінәсін толықтай мойындады. Ұрланған ақша тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының үкімімен ҚХР азаматшасы Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-тармағы 1-тармақшасында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған шартты түрде 3 жылға бас бостандығын айыру, мәжбүрлі түрде Қазақстан Республикасынан тысқары шығару, 5 жыл мерзімге Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салу жазасы тағайындалды» делінген таратылған ақпаратта.