Денсаулық сақтау министрі тегін дәрімен қамту сала-сала бойынша жүргізілетінін айтады.
ERNUR.KZ. Медициналық сақтандыру жүйесінен жиналған қаражат рецептуралық дәрілерді тегін алуға мүмкіндік береді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте осылай деп мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Рецептуралық дәрі-дәрмек нарығы 300 млрд теңгеге жуықтайды. Бүгінге дейін біз соның үштен бірін ғана мемлекет есебінен жауып келдік. Балалар, онкология, туберкулез, психиатрия ауруларын ғана мемлекет өз мойнына алған болатын. Келесі жылы медициналық сақтандыру жүйесі толық енгізіледі. Сақтандырудан жинақталған ашқаның есебінен екі жылдың ішінде барлық емделушілерді рецептуралық дәрімен қамтамасыз ете аламыз. Бұл дәрігер рецептке жазған кез келген дәрі медициналық сақтандыру есебінен тегін беріледі деген сөз», - деді ол.
Ведомство басшысы тегін дәрімен қамту сала-сала бойынша жүргізілетінін айтады.
«Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық сақтандыру аясында балаларға тағайындалатын рецептуралық дәрінің бәрі тегін болады. Ары қарай бұл қатарды толықтыра береміз. Келесі кезекте әлеуметтік әлжуаз топтардың өкілдерін тегін рецептуралық дәрімен қамтимыз. Олар мемлекет есебінен медициналық сақтандырылғанын білесіздер. Бұл әлемде бар тәжірибе. Дәрігер дәрі тағайындайды, ал емделуші оны міндетті медициналық сақтандыру есебінен тегін алады», - деді министр.