​Екібастұздық мүмкіндіктері шектеулі жандар бау-бақшада еңбек етуде

0
1 948

Олардың арасында мүгедектерді жұмыспен қамту, көмекке зәру жандарға әлеуметтік жәрдем көрсету, әйелдердің кәсіптік жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және басқа да жобалар бар.


​Екібастұздық мүмкіндіктері шектеулі жандар бау-бақшада еңбек етуде

ERNUR.KZ.Павлодар облысы бойынша «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңіне 14 жоба қатысты, деп жазады pavlodarnews.kz.

Олардың арасында мүгедектерді жұмыспен қамту, көмекке зәру жандарға әлеуметтік жәрдем көрсету, әйелдердің кәсіптік жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және басқа да жобалар бар. Конкурсқа қатысқан жобалардың бірі Екібастұз қаласындағы «Шатыр асты бау-бақша – қысы-жазы дәрумен» жобасы.

Мақсаты – мүгедектердің шығармашылық мүмкіндіктерін ескере отыра олардың жұмыспен қамтылуы және еңбек арқылы олардың қоғамда өз орнын табуына қолқабыс жасау. Осы мақсат үшін «Өмір» шығармашылық оңалту орталығы» ҚҰ белсенділері көкөніс өсіретін жылыжай шаруашылығын ашқан. Жылыжайлар қолда бар құрылыс материалдардан салынды.
- Өз жылыжайымыз болса ғой деген арман бұрыннан пайда болды. Ғимаратымыздың жөндеуінен кейін әйнек рамалары, кірпіш қалған еді. Осы материалдардан жылыжай салайық деген ойымызды іске асыруға тырыстық, дейді «Өмір» шығармашылық оңалту орталығы» ҚҰ төрайымы Светлана Качура.

Екібастұздықтардың бұл бастамасын Германияның Қазақстандағы елшілігі қолдады. Неміс тарапы ағаш бөренелер мен металл құбырлар сатып алуға 804 000 теңге бөлді. 2016 жылы қысқы жылыжай салынды. Келесі жылы жылыжайдың аумағы кеңейтілгеннен соң артық көкөністерді сатуға мүмкіндік туды. Одан түскен қаражатқа шығармашылық шеберханаларға қажет құрал-жабдықтар сатып алынады.

- Жылыжайларда қызанақ, қызылша, сәбіз және өзге де көкөністер өсіріледі. Осы жұмыспен он бес мүгедек айналысуда. Тәжірибелі бағбанның басшылығымен мүмкіндіктері шектеулі жандар өсімдіктерді күтіп-баптайды, суарады, өнім жинайды.

Олардың барлығы аз қамтылған отбасылардан шыққан азаматтар. Бұл олар үшін жақсы қолдау болып табылады. Осындай бау-бақшалық жылыжай шаруашылығы бізде бар екендігін мақтан тұтамыз, - дейді Светлана Качура.