3 қарашада қаржы министрлігінің қаржы мониторингі жөніндегі комитеті бұрынғы денсаулық сақтау министрі қамауға алынғанын хабарлаған болатын.
ERNUR.KZ. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үйқамаққа алынды, деп жазады sputnik.kz.
3 қарашада қаржы министрлігінің қаржы мониторингі жөніндегі комитеті бұрынғы денсаулық сақтау министрі қамауға алынғанын хабарлаған болатын.
Бюджет қаражатын аса ірі көлемде ысырап ету фактісі бойынша бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Құқық қорғаушылар басқа ақпараттың тергеу шараларының аяқталмауына байланысты жариялауға жатпайтынын жеткізді.
Біртанов ісі
Айта кетейік, желідегі ақпарат бойынша экс-министр 526 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Ақша денсаулық сақтау жүйесінің байланысын қамтамасыз ету және ақпарат платформаларын сатып алуға бөлінген. Қылмыстық кодекстің 189-бабына сәйкес ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу") тергеу жүргізіліп жатқаны айтылған.
Біртанов орынбасары не үшін ұсталды
2 тамызда экономикалық тергеу қызметі денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ұсталғанын растаған болатын. Шенеунік ақпараттық жүйелерді жасауға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаржыны ысырап еткені үшін айыпталып отыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, бұрынғы вице-министр ақпараттық жүйелерді құру шаралары аяқталмаса да, атқарылған жұмыстар туралы актіге қол қойған. Сол кезде ақша толығымен төленді. Бірақ пайдалануға берілген ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Осылайша, бюджетке ірі көлемде шығын келді. Бұл пандемияға дейін, яғни 2018 жылдың аяғында жасалған.
Олжас Әбішевтің өзі денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне 2018 жылы тағайындалған болатын. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері саласына жетекшілік етті.
Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігін үш жарым жыл, 2017 жылдың 25 қаңтарынан 2020 жылдың 25 маусымына дейін басқарды.
14 маусымда Елжан Біртановтың коронавирус жұқтырғаны хабарланды. Диагнозы расталғаннан кейін, ол бірден астанадағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
25 маусым күні президент жарлығымен Біртанов министр қызметінен босатылды. Оның орнына Алексей Цой тағайындалды.