Семейде даңғыл мен аренаға Нұрсұлтан Назарбаев есімі беру туралы ұсынысты 30-ға жуық адам жасаған.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семейдегі "Абай арена" стадионын "Елбасы арена" деп атауға қарсы. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
"Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ШҚО белсенділерінің "Абай арена" стадионының атауын өзгерту туралы ұсынысы талқылануда. Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай "құрмет-қошеметке" қарсы. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс", - деп жазды Үкібай Twitter-де.
Бұған дейін БАҚ-та Семейде даңғыл мен аренаға Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілуі мүмкін екені туралы ақпарат жарияланған. Айбек Нұғымаровтың сөзінше, ұсынысты 30-ға жуық адам жасаған. Оның ішінде, ақсақал, депутаттық корпус өкілдері мен қаланың қоғам белсенділері бар.
"Қарағайлы шағынауданында әзірше атаусыз тұрған көшеге Назарбаевтың есімі берілсе дейміз. Сонымен қатар, сол аудандағы спортнысанды да Тұңғыш Президенттің құрметіне "Елбасы-Арена" деген атау беру ұсынылды", - деді ол.