Елбасы Данияр Ақышевтың жұмысына көңілі толмайтынын айтты

0
1 146

Сіз өзіңіз дұрыс басқармай, бақыламағансыз. Құрдымға кетіп бара жатқан компанияларға несие беру керек пе еді? Олар алған ақша құмға сіңіп кетті.


Елбасы Данияр Ақышевтың жұмысына көңілі толмайтынын айтты

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бизнесті қолдау үшін бөлінгелі отырған 600 млрд теңгені тиімді игеруді тапсырды, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы баяндама жасап, несие беру ауқымын кеңейту жұмыстары туралы айтып берді.

«Сіздің Жолдауыңыздағы белгіленген тапсырмалар аясында экономиканың басым бағыттарын қолдау үшін 600 млрд теңге несие беру механизмі іске қосылды. Жобаларды қаржыландыру механизмдері бекітіліп, алғашқы банк несие беруді бастап кетті. Алайда 600 млрд теңгелік бұл бағдарламадан бөлек, Ұлттық банк ақшалай несие беру саясатының тиімділігін арттыру жұмысын күшейтеді. Сіздің тапсырмаңыз бойынша, Ұлттық банк аталмыш секторды әлсіз әрі тиімділігі төмен банктерден тазарту жұмысын жүргізді. Бұрын айтқанымыздай, біз өткен жылдардың қателіктерін ескере отырып, заңнамалық тұрғыда жұмыстың қатал ережесін енгіздік», - деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы бизнесті дамытуға бағытталған 600 млрд теңге ұзақмерзімді жобаларға жұмсалуы керектігін тілге тиек етті.

«Нақты осы қаражатты қандай нысандарға жұмсайтынымызды айқындадыңыздар ма?», - деп сұрады Президент.

Мемлекет басшысының бұл сұрағына Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев жауап берді.

«Біз «Атамекен» ҰКП және негізгі мемлекеттік органдармен бірге тауарлы позицияларды да айқындадық. Сома белгіленді. Қатысушылар дайын. Ақпан айынан бастап белсенді түрде несие беруге дайынбыз», - деді Ерболат Досаев.

Досаевтың жауабын тыңдаған Мемлекет басшысы нақты жұмыс атқару керектігін ескертті.

«Егер кезінде несие алған әлсіз компанияларға беретін болсаңыздар, ақша жоқ болып кетеді де, банктер қолайсыз жағдайда қалады. Тек өз жұмысын көрсете білген компанияларға ғана беру керек. Біз ол туралы әлі сөйлесеміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Данияр Ақышев Президенттің ескертпесін тыңдай келе өз баяндамасында соңғы 10 жылда банктердің несиелері 5,5 трлн теңгеге өскенін, бұл көрсеткіш 70 пайыздық өсім көрсеткенін атап өтті.

«Осы уақыт ішінде 7 банк жойылып, 2 банктің жұмысы қайта жанданғандықтан, 5 трлн теңге сызылып қалған. Яғни, қарыз алушылар осы жылдар ішінде берген ақшаның бәрін қайтармаған. Несиелер уақыт өте келе проблемалы сипат алып, банктердің шарттарды өзгертуге тырысқанына қарамастан, мәселе сол күйінде қалған», - деді Ақышев.

Бұған қатысты Президент Данияр Ақышевқа кемшілік өзінен екенін қадап айтты.

«Сіз өзіңіз дұрыс басқармай, бақыламағансыз. Құрдымға кетіп бара жатқан компанияларға несие беру керек пе еді? Олар алған ақша құмға сіңіп кетті. Барлық екінші деңгейлі банктер мен Үкімет бұл мәселені тиісті деңгейде бақыламаған. Кімге болса, соған берген. Ол компания қайтадан несие алып, төлей алмаса, тағы сұраған. Әлемде кім олай жұмыс істейді?», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Данияр Ақышев бұл мәселені шешудің тетіктерін айтып, кезіндегі кемшіліктер бойынша жұмыс түзелетінін жеткізді.

«Енді не істейміз? Оларға ары қарай несие бере береміз бе әлде тәртіп орнатамыз ба? Олар мүлде қауқарсыз компаниялар. Олар ары қарай да осылай емін-еркін жүре бере ме? Қылмыстық іс қозғалып, қайтарым барлық мүмкіндіктер бойынша жүргізілуі керек. Мен жеке қадағалау комитеті туралы айтқанымда «Өзім шешемін» деген едің (Ақышевқа - авт.). Заң бар, енді бақылауға ал. Әрбір акционер өз банкін тонайды да, кейін артынан қуып жүреміз. Сіздер қайда болдыңыздар? Бұл жұмысыңызға көңіл толмайды», - деп түйді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен Үкіметтің мұндай отырысы жыл басында тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысуда.