"Елбасы отырған кресло" 1,5 миллион теңгеге сатылды

0
1 250

Съезден кейін президент отырған креслоға нағыз талас басталған.


ERNUR.KZ. "Нұр Отан" съезі біткен соң ел Президент отырған креслоға таласып жатқанда, жарнама берушілер осы сәтті пайдаланып жүрген сыңайлы. Әлдебіреулер "Елбасы отырған кресло" деп орындықты 1,5 миллион теңгеге саудаға шығарған, деп жазады stan.kz.

Жарнамасы жер жарып тұрған кресло осындай бағаға бағаланса да, тез арада сатылып кеткен сияқты. Өзін Александрмын деп таныстырған жарнама беруші оған шынымен президенттің өзі отырғанын айтып, сатып жібергенін айтты. Ал Елбасы отырған орындықтың түр-түсіне дейін білетін "Нұр Отандықтар" мұның мүмкін еместігін айтып отыр.

Айта кетейік, съезден кейін Президент отырған креслоға нағыз талас басталған. Елбасы шығып кеткен соң, сол орынға жапатармағай жабысып, ел жарыса фотоға түскен болатын.

"Ғаламтордағы кресло тура сондай ашық қоңыр сарғыш түсті. Бірақ ол шындыққа жанаспайды. Түсі ұқсас болғанымен, мүлдем екі түрлі. Съезде қойылған орындықтар біздің қоймада тұр. Ауқымды шаралар болғанда алып шығамыз да, орнына қайта қоямыз. Оның сатылымға шығуы мүмкін емес", - дейді "Нұр Отан" партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Ерсайын Оспанов.