Барлық қаржы Ұлттық банкте сақталатын болады
Елбасы жаңа заңдарға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елбасы Н.Назарбаев кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа үлгісі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерін бекітетін заңға қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, тегін медициналық көмектің жаңа үлгісі мен МӘМС пакеті 2020 жылдан бастап іске қосылатын болады. Өткен жылдың желтоқсан айында Медициналық сақтандыру қорына 10,4 млрд теңгеден астам жарна түскен. Ал жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 133 млрд теңгені құраған. Оның 124,3 млрд. теңгесі (шамамен 93,5%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,7 млрд теңге (6,5% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Айта кетейік, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Соған орай, еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.
Дереккөз: "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы.