Елбасының әлем тарихында қалатын 10 бастамасы

0
1 075

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан әлемдік аренада мемлекеттің тұрақты, қарқынды әрі табысты даму моделінің генераторы ретінде зор құрметке ие болды.


Елбасының әлем тарихында қалатын 10 бастамасы

ERNUR.KZ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарих аренасында жаңадан құрылған қазақ мемлекетінің тізгінін ұстаған сәттен бастап-ақ тек өзі басшылық жасайтын елдің мүддесі мен қауіпсіздігін ғана ойламайтын, әлемдік деңгейдегі түйінінде түйткілі көп мәселелерді шешуге батыл кірісе алатын сарабдал саясаткер ретінде таныта білді, деп жазады ҚазАқпарат.

Оған Семей ядролық сынақ полигонын жабу, Қазақстанды ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы мемлекетке айналдыру, халықаралық, өңірлік ұйымдардың құрылуына ұйытқы болу, 11 жыл бойы тоқырауда тұрған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін қайта жандандыру, Сирия шиелісін шешуге ұмтылу, түркі жұртын ортақ идея төңірегінде топтастыру бағытында атқарған ерен еңбектері жарқын дәлел бола алады. Әлем жұртшылығы сөзіне құлақ асып, кеңесіне мойынсұнған Нұрсұлтан Назарбаевты елі де құрметсіз қалдырған жоқ. 2011 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заң қабылданып, онда 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні ретінде белгіленген болатын. Осынау атаулы күнге орай Елбасы әлем жадында сақталатын негізгі бастамаларын оқырман назарына ұсынбақпыз.

Ядролық қарусыз Қазақстан

1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Кеңес одағы құрдымға кеткеннен кейін қазақ елі Тәуелсіздігін жариялап, егемен елге айналғаны белгілі. Сол жылдың 29 тамызында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи Жарлығына қол қойды. Бұл барша қазақ халқы ұзақ жылдар бойы сарыла күткен шешім еді. Осылайша 40 жылдан астам уақыттан бері 456 ядролық сынақ өткізіліп, кем дегенде 500 мың адамды, Семей өңірін радиациясымен улап келген полигон жабылды. Қуаты Франция, Ұлыбритания, тіпті Қытайдан да мықты әлемдегі төртінші орынға ие, СС-18 деп аталатын 1400 ядролық оқтұмсық орнатылған 104 баллистикалық зымыраны мен 40 бомбалаушы ұшағы бар ядролық полигонның үні өшті. 2009 жылғы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясы Қазақстан Тұңғыш Президентінің бастамасымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде жариялады. Бұл күн 2010 жылдан берi бүкіл әлемде атап өтіле бастады.

Осылайша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан әлемдік аренада мемлекеттің тұрақты, қарқынды әрі табысты даму моделінің генераторы ретінде зор құрметке ие болды. Ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелік халықаралық шарттарға қосылып, өзінің ядролық қарусыз мәртебесін заңды түрде бекіте түсті. Ядролық қарусыздану саласының мойындалған көшбасшысына, мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогының белсенді модераторына айналды. Бұған қоса, қазіргі әлемдегі жаһанды және өңірлік проблемаларды шешуге де өзінің зор үлесін қосып келеді. Айта кетерлігі, еліміз ядролық мәртебесінен бас тартқанымен ядролық энергетика мен ядролық отын өндірісін қоса алғанда, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды. Төмен байытылған ядролық отын халықаралық банкінің депозитарийі атанды.

Ядролық қаруды таратпау лидері

Дегенмен, әлем әлі де болса ядролық қауіп-қатер алдында тұрғаны жасырын емес. Мәселен, Біріккен Ұлттар ұйымының деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта әлемде 15 мыңға жуық ядролық қару бірлігі сақталған. Ал мұндай қаруға ие болып отырған елдер Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қоюға асығар емес. Ал Қазақстан болса 2018 жылдың 2 наурызында бұл құжатты рәсімдеген болатын. Жалпы, ядролық қарусыздану тарихындағы алғашқы заңдық күші бар құжатқа айналған бұл шарттың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан белсенді түрде қатысты. Құжаттың негізгі ережелері әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшы мемлекетке айналудың өнегелі жолын көрсеткен Қазақстанның қағидатты ұстанымына жауап береді. Еліміздің мұндай ерен жетістіктері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі ядролық полигонды жабу, қырғи-қабақ соғысының ядролық мұрасынан бас тарту сияқты тарихи шешімдерінің арқасында мүмкін болған еді.

Бүгінгі әлемде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылық орнын сақтап келеді. Қазақстан бастамасымен мәні барлық адамдарды ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыру болып саналатын АТОМ жобасы жүзеге асырылуда.

Бірқатар мемлекеттердің, соның ішінде жетекші елдердің қарусыздануға мойынсұнбауына қарамастан Елбасы әлемдік қоғамдастықты ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге шақыруын табандылықпен жалғастырып келеді. Есте болса, Қазақстан төрағалығымен ұйымдастырылған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі тақырыптық брифингі барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2045 жылға қарай, яғни БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құруға қайта үндегені есте.

«Күш ядролық бомбалар мен зымырандарда емес. Нағыз қорғаныс амалдары халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімділігі арқылы қамтамасыз етіледі», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сирия сергелдеңін шешу жолында

«Астана процесі». Тарихта дәл осынау атаумен қалатын сириялық жанжалды реттеуге бағытталған келіссөздер де еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен 2017 жылдан бері елордамызда өтіп келе жатқаны белгілі. Осыған уақытқа дейін сирияаралық келіссөздердің 13 раунды өтті. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де жеткілікті. Нақты айтқанда соғыс қимылдары тоқтатылып, деэскалация аймағы құрылып, босқындардың қауіпсіз оралуына барлық жағдай жасалды. Осы жылдың 2 тамызында елордада өткен келіссөздердің 13-раундында сириялық оппозиция делегациясының жетекшісі Ахмад әл-Тоума кездесу қорытындысында Сириядағы оқ атуды тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеген болатын.

«Біз мұнда өте маңызды міндетпен - Сириядағы атылған оқты, күнделікті жасалып жатқан қылмысты тоқтату үшін келдік. Сонымен бірге, Идлибтегі бауырларымыздың бейнетін тоқтатқымыз келеді. Қарқынды келіссөздерден соң оқ атуды тоқтату бойынша келісімге қол жеткіздік. Бұл уағдаластық ғасырдың ең басты қылмысын тоқтатуды және кепіл мемлекеттер тарапынан бұл келісімді орындау міндеттемесін қарастырады», - деген еді Ахмад әл-Тоума7

Айта кетерлігі, 10-11 желтоқсанда елордада Сирия бойынша кезекті халықаралық жоғары деңгейдегі ХІV кездесу өтеді. Оған кепілгер елдер – Иран, Ресей, Түркия, Сирия Үкіметі, Сирия қарулы оппозициясы делегациясының қатысуы жоспарланған. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирактың жоғары өкілдері де келмек.

Елбасы ұйытқы болған ұйым

Қазақстан тәуелсіздігін алған 90-жылдардың басында Азия өңіріндегі бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту бойынша халықаралық форум болған емес. Әрине, мұндай форум құруға деген ұмтылыс Азия елдерінің арасынан ара-тұра шыққанымен бәрі де сәтсіздікке ұшырап тынған еді. Осы жайттарды ескерген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың 5 қазанында БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы идеясын жария еткен болатын. АӨІСШК-ге мүше мемлекеттердің арасындағы қатынастарды реттейтін принциптер декларациясы 1999 жылдың 14 қыркүйегінде Алматыда қабылданса, кеңестің алғашқы саммиті 2002 жылыдң 4 маусымында өткен еді. Бүгінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес – Азия өңіріндегі 35 мемлекетті және жер шарындағы халықтың жартысына жуығын біріктіріп отырған тиімді көпқырлы құрылымға айналып отыр.

Жүзеге асқан идея

Елбасының бастамасымен құрылған ұйымдардың бірі Еуразиялық экономикалық одақ екендігі сөзсіз. Есте болса, 1994 жылғы 29 наурыз күні Нұрсұлтан Назарбаев М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттерімен және профессор-оқытушыларымен кездесуінде тұңғыш рет Еуразиялық одақ құру идеясын ұсынған болатын. Еуразиялық идея, еуразияшылдық, еуразиялық интеграция - қазіргідей дағдарыстың қауіп-қатерінен құтылудың, жаһандану үдерісіне әзірлікпен кірігудің бірден-бір ұтымды жолы, оның сұранысына жауап болып табылатындығын айтқан еді. Араға тура 20 жыл уақыт салып, 2014 жылдың 29 мамырында ЕАЭО туралы шартқа Беларусь, Қазақстан мен Ресей Президенттері елордамызда қол қойды. Кейіннен одақ құрамына Армения мен Қырғыз Республикасы қосылды.

Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ашық мегажоба. Бүгінде 180 млн адамдық алып нарығы бар Еуразиялық одақпен өзара алыс-берісті арттырып, ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделік танытып отырған елдердің қатары да мол. Демек, Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді тереңдету идеясы Қазақстан Тұңғыш Президентінің көрегендігінің дәлелі екендігі анық. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істеп, толыққанды интеграциялық бірлестікке, әлемдік экономикалық байланыстардың белсенді қатысушысына айналды. Бүгінде ұйым 13 елмен, 20-дан астам халықаралық құрылыммен және ұйыммен ынтымақтастық жайында тыңғылықты келіссөздер жүргізіп жатуының өзі Елбасы идеясының өміршеңдігін көрсетсе керек.

Түркі жұртының ақсақалы

2009 жылғы 3 қазанда Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ саммитінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін немесе Түркі кеңесін құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше болып келген еді. Ал биыл Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне мүше елдердің басшыларының 7-ші саммитінде Өзбекстан кеңестің толықанды мүшесі болып, бүкіл түркі тілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен оқиғаға айналды. Дәл осы саммитте Түркия Президентінің ұсынысымен Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» мәртебесі берілді.

«Маған «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін Президент Режеп Ердоғанға алғыс білдіремін. Осы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ортақ ұйымымыздың жұмысына одан әрі белсенді қатысуға мүмкіндік береді», – деген еді саммитке арнайы шақырылған Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Айта кетерлігі, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2011 жылы Түркі кеңесі аясында Ақсақалдар кеңесі құрылып, ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Кеңестің басты мақсаты мен қызметі ТМЫК-ке мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстарды жасақтау, сондай-ақ мәдени-тарихи мұраны, тілдерді, салт-дәстүрлерді, рухани құндылықтарды сақтау және дамыту болып саналады.

ЕҚЫҰ қоғамдастығы үшін тарихи оқиға

1999 жылы Ыстанбұл саммитінен кейін тоқырауға ұшыраған Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының басты жиынының 11 жылға жуық уақыттан кейін, 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндері аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен елордамызда өтуі қазақ тарихындағы маңызды белестердің бірі еді. Жалпы, Азиядан шыққан мемлекеттің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің өзі айтулы оқиға саналады.

Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысып, Еуро-атлантикалық және Еуразиялық кеңістіктердегі тұрақты қауіпсіздік мәселелерін, Ауғанстан түйткілін, «тоңы жібімей келе жатқан» қақтығыстарды шешу жайын егжей-тегжейлі талқыға салды. Форумға қатысушылар алдында сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа парадигмасына көшу, яғни ынтымақтастықтың төрт мұхит шекарасындағы – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа және Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі біртұтас кеңістіктігін қалыптастыру қажеттігі жөнінде мәлімдеді. Кездесу соңында аса жоғары деңгейде Астана декларациясы қабылданған болатын.

Бітімгер

2015 жылдың 24 қараша күні түріктер өзінің әуе кеңістігіне кіріп кеткен Ресейдің әскери ұшағын атып түсірген болатын. Содан-ақ Түркия-Ресей арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, екі елдің арасындағы алыс-беріске, экономикалық байланыстарға сызат түсті. Ресей түрік тауарынан бас тартып, Түркияның демалыс аймағынан табылатын орыс туристерінің де легі күрт тыйылды. Мұндай жайт түрік ағайынның экономикасына ауыр соққы болғаны сөзсіз еді. Осыдан кейін бұл араздыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев араласып, екі елді татуластырғаны белгілі. Оған дәлел ретінде 2016 жылдың 29 маусым күні Түркия Прези­денті Реджеп Тайип Ердоғанның Елбасына арнайы қоңырау шалып, Ресеймен арадағы қарым-қатынастың арнасын қалыпқа келтіру жолында сіңірген баға жетпес еңбегі үшін алғыс сезімін жеткізгенін айтсақ та жеткілікті.

Ұзақ уақыттан бері Ресей мен Украина арасындағы ахуалдың шиеленісіп тұрғаны белгілі. Бауырлас екі елді татуластыру жолында Қазақстанның Тұңғыш Президенті аз еңбек сіңірген жоқ. Украи­наның бұрынғы Президенті Петр Порошенко да, қазіргі Президенті Владимир Зеленский де Ресеймен арадағы араздығын шешу үшін Елбасының көмегіне жүгініп келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана «Астана клубының» V отырысында Тұңғыш Президент бауырлас Ресей мен Украина арасында болып жатқан оқиғаларға тағы да алаңдаушылығын білдірген еді.

«Мәселенің шешімі бар. Алға жылжу керек. Ресей мен Украина президенттері жігер таныта білуі тиіс. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмын. Баршаңызды Ресей мен Украинаның арасындағы қатынасты бұзбай, керісінше, жақындастыруды ұсынамын. Донбас пен Лугансктегі мәселені шешу керек. Процесс жүріп жатыр. Тұтқындағы азаматтар босап, әскер бір-бірінен алыстай бастады. Сондықтан, осындағы сарапшылар да ондағы бейбітшілікті сақтау бағытында ой айтуы тиіс», - деді Елбасы.

Елбасы бірліктің моделіне айналдырған Ассамблея

1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын көтерген болатын. Араға үш салып, нақты айтқанда, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы жарық көрді. Сол уақыттан бері Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізетін беделді органға айналып үлгерді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетіп келеді. Еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің ортақ құрылымы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттар мен ұлыстардың алтын діңгегіне айналды. Ширек ғасыр ішінде азаматтық қоғамның іргелі институтына айналған орган бүгінде ел дамуында басымдық берілген түрлі бағыттар бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Қазақстандық этносаралық толеранттылықтың осынау үлгісі ЕҚЫҰ мемлекеттерінің тіліне аударылып, Қазақстанның барлық елшіліктеріне таратылған. Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев құрған этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі ел брендіне айналып отыр.

Мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты нығайту жолында

Бүгінде қазақ жерінде 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүріп жатқанына әлем жұртшылығы таңданыс білдіретіндігі рас. Дегенмен, қазіргі заманда діннің қоғамдағы маңызының арта түскенін жіті сезінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу бастамасын көтерген-ді. Алғашқы съезд 2003 жылы 23-24 қыркүйекте елордамызда өтіп, оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысқаны белгілі. Содан бері 6 съезд өтті. Жаһандық ауқымдағы мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты нығайтуға еліміздің сүбелі үлес қосуын көздейтін кезекті 7-съезд 2021 жылға жоспарлаған.

Айта кетерлігі, Елбасының мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты нығайту жолындағы ерен еңбегі ескерусіз қалмақ емес. Мәселен, осы жылдың 18 қыркүйегінде елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XVIII отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың съезд жұмысын ілгерілетудегі ерен еңбегін арнайы құжат арқылы мәңгіге есте қалдыру туралы ұсыныс жасалған болатын.

«Осынау бастама аясында жұмыс тобының мүшелері арнайы құжаттың түрі мен форматын ойластыруға дайын екендіктерін білдірді. Аталған құжатты 2021 жылы өтетін 7-ші съезде қабылдауға болар еді. Онда съезд авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау бірегей жаһандық тұғырнамамызды құрудағы айрықша рөлі көрініс табады», - деген еді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов.