Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі – Тоқаев

0
577

Былтыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 миллиард долларды құрады. Оның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі.


Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің" бірінші саммитіне қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Президент аймақтың Ынтымақтастық кеңеске мүше елдермен сауда-саттығы қарқынды дами бастағанын атап өтті.
"Бірақ көрсеткіштер біздің әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын", – деді мемлекет басшысы.
Президент инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселесін екінші басым бағыт ретінде атады. UNCTAD баяндамасына сәйкес былтыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 миллиард долларды құрады. Оның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі.
"Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. Сондықтан біз инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Осыған орай экономиканы әртараптандыруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Шетелдік капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Іскерлік кеңес құрылды. Ол екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаң болмақ", – деді президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, көлік-транзит саласын дамыту маңызды.
"Біз бұл бағыт арқылы жүк тасымалын дәйекті түрде ұлғайтуға ниеттіміз. 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан "Солтүстік – Оңтүстік"халықаралық көлік дәлізін дамыту шараларын қабылдауда", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай қоры және 20 триллион текше метрден астам газ қоры бар. Бұл аймақтың мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында екенін көрсетеді.
"Қазақстан өндіруші жаңа қуат көздерін дамытуға және жаңғыртуға баса мән береді. Геологиялық барлау және өндіру ісіне озық тәжірибе мен технологияны енгізуге айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ заманауи мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге басымдық береді. Қазақстан Шығанақ елдерінің ірі энергетикалық компанияларымен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын. Әсіресе, "жасыл энергетика" саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Мысалы, Саудияның "ACWA Power", Әмірліктердің "Masdar" және Қатар компаниялары жобаларының келешегі зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселеге арнайы тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтып, олардың құрылымын әртараптандыруға мүдделі екенін айтты.
"Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің "органик" және "халал" өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз", – деді президент.
Бұдан бөлек, президент аймақаралық туризмді дамытуды ынтымақтастықтың келесі басым бағыты ретінде атады.
"Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Мұны тиімді пайдалану қажет. Сондай-ақ туризм индустриясы – аймақ экономикасының тез дамып келе жатқан саласының бірі. Осыған орай туризмнің мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, сауықтыру және іскерлік салаларын бірлесе дамытуға дайынбыз", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстан Ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет үшін визасыз режим енгізгенін, елдердің астаналарымен тікелей әуе қатынастарын жолға қойғанын еске салды.