34 гидротехникалық құрылыстарда «Қазсушар» филиалдары жөндеу жұмыстарын бастады.
ERNUR.KZ. Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жаңа су қоймалары салынып, қолданыстағы қоймалар жөндеуден өткізіледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, деп жазады inform.kz.
«Алда тасқынның алдын алу мақсатында 2,6 млрд текше метр құрайтын 42 жаңа су қоймасы салынады. Жалпы көлемі 3,7 млрд текше метр болатын 37 су қоймасын қайта құру, сондай-ақ шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналдарды салу мен қайта құру жоспарланып отыр. Бұл іс-шаралар Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген. Биыл Бәйдібек ата және Қарақуыс (Түркістан облысы) құрылысы және үш су қойманы Ақтөбе (Ақтөбе облысы), Қапшағай (Түркістан облысы) және Киров (БҚО)) қайта салу басталды», - деді Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында.
Одан бөлек, министр Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп зақым келген объектілерді салуға, қайта жаңғыртуға және қорғау бөгеттерін нығайтуға бағытталған 56 жобаның барын айтты.
«34 гидротехникалық құрылыстарда «Қазсушар» филиалдары жөндеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар Батыс Қазақстан (22 км) және Шығыс Қазақстан облыстарында (73 км) 95 шақырым каналды механикаландырылған тазалау жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны кезеңіне дайындық тек гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және су қоймаларындағы бос сыйымдылықтарды босату арқылы ғана емес, су тасқынын басқарудың әлемдік тәжірибесі мен стратегияларын талдай отырып, министрлік барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жауапкершілігі, құқықтары мен өкілеттіктері айқындалған, су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу шаралары күшейтілген жаңа Су кодексінің жобасына түзетулер дайындалды», - дейді ведомство басшысы.