Бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Елімізде гидротехникалық құрылыстардың 30 проценті жөндеуді қажет етеді. Яғни Қазақстанда мыңнан астам осындай нысан бар десек, соның 453-і тозған. Бұл туралы санаулы уақыт бұрын ғана аяқталған Үкімет отырысында айтылды, деп жазады 24.kz.
Қазір елімізде су басу қаупі жоғары 505 елді мекен бар. Бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ауылдар негізінен Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында орналасқан көрінеді. Қазір мұнда апатты жағдайлардың алдын алу жұмыстары басталып кетті.
Мәселен, елді мекендерден 3 миллион текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ су тасқыны болған жағдайда іске кірісетін жедел бригадалар құрылған. Олар 2 мыңнан астам арнайы теxникамен жабдықталған. Сондай-ақ ішінде инертті материалдары бар 56 мың қап әзірленіпті. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде теxниканың жұмысын бір сәтке де тоқтатпас үшін 360 мың тонна мөлшерінде жанармай қоры жасақталған. Ал энергокәсіпорындар су басу қаупі жоғары аймақтарда электр желілерін тексеруді қолға алды.
«Қазгидромет» 1 наурыздан бастап апта сайын синоптикалық деректердің негізінде гидрологиялық болжам ұсынуды бастайды. Жағдай күрт өзгерсе, жиілік 3 күнге дейін қысқаруы ықтимал. Министр Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Іле, Жайық, Талас, Сырдария, Ертіс сияқты трансшекаралық өзендердің ағысы негізінен көрші мемлекеттердегі су қоймаларында реттелетін көрінеді.
Ал олардың еліміздегі көлемі мен ағысын мамыр айына дейін мемлекетаралық бірлескен комиссия бақыламақ. Жалпы, бұл апаттың алдын алуға арналған соңғы жиын емес. Енді 3 күннен соң жауапты министрліктер мен ұйымдардың бірлескен кеңесі өтеді деп жоспарланып отыр.