Елімізде аз жалақыға жұмыс істегісі келмейтіндерді жәрдемақыдан айыру ұсынылды

0
197

Депутаттар республикада бос жұмыс орындары бар деп отыр.


Елімізде аз жалақыға жұмыс істегісі келмейтіндерді жәрдемақыдан айыру ұсынылды

Фото: inbusiness.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда мемлекеттік шенеуніктер жұмыс істегісі келмейтін азаматтарды жазалау мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жұмыссыз қазақстандықтардың еңбек етуге құлықсыз екенін айтты. Депутат елдегі бос жұмыс орындарының санына қатысты талдаумен танысқан.

"Қаншама жұмыс дайын тұр, вакансиялар бар. Бірақ ауданда жұмыссыз деп тіркеліп, мемлекеттен көмек алып отырғандар бар. Ауылдық тұрғындарды жалпы жұмыссыз деп есептеу қаншалықты орынды? Иә, егер мүгедектігі бар азаматтар болса, жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндігі болмаса, көпбалалы болса – онда түсінікті. Бірақ он екі мүшесі сау, жұмыс істей алатын азаматтар өтемақыға отырып алған. Жұмыс көп, ешкім бармайды. Бізге бұл жалқаулықты, теріс дүниені насихаттамай ма деген сұрақтар туындайды", – деді Анас Баққожаев.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың сөзінше, жәрдемақылар әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленеді.

"Егер азамат жұмыс істеп, табысынан айырылса, тек осы жағдайда ғана ол мемлекеттен материалдық қолдауды күте алады. Бірақ қазақстандықтар субсидияланған жұмысқа бармайды. Баланың еңбекке деген ынтасын жанұяда беруіміз керек. Мұны тек тәрбиелік, идеологиялық тұрғыдан реттеу жеткіліксіз, оны заңнамалық түрде реттеу қажет. Адам жұмыстан бас тартқанда заңнаманы күшейту керек", - деді министр.