Елімізде көмір қымбаттайды

0
564

2022 жылы көмірдің құны 30%-ға артпақ.


Елімізде көмір қымбаттайды

ERNUR.KZ. Қазақстанда көмірдің құны 2022 жылы айтарлықтай өседі. Мұндай болжамды энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты, деп жазады Azattyq Ruhy.

Оның сөзінше, электр энергиясына шекті тарифтердің өсуіне сыртқы шығындардың өсуі себеп болды. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап көмір құнының 7%-ға көтерілуi, оның ішінде Богатырь-Көмір разрезінен бағаның 1 қыркүйектен бастап 5%-ға және 1 желтоқсаннан бастап 5%-ға өсуі болжанып отыр.

"Жалпы, 2022 жылы көмірдің құны 30%-ға артады. Темір жолдар бойынша көмірді жеткізу бағасы биылғы жылдың басынан Қазақстанда орташа есеппен 5%-ға өсті", - деп түсіндірді ол.

Көмірден басқа, 2022 жылғы 1 шілдеден бастап энергия өндіруші ұйымдар үшін тауарлық газдың бағасы 15%-ға өсті.

Бұдан басқа, шекті тарифтер станциялардың жөндеу жұмыстарына арналған шығындарын жаппады. Кәсіпорындардың апаттылығы 20%-ға ұлғайған. Сонымен қатар, сала мамандарының жалақысы тым төмен болғандықтан жұмысшылар орындарынан кетiп жатыр.

Сондықтан 1 шілдеден бастап 26 энергия өндіруші ұйымда шекті тарифтер орта есеппен 4-12%-ға ұлғайды.

Энергетика вице-министрі түзетілген шекті тариф станциялардың өндірістік персоналының жалақы деңгейін жалақының орташа деңгейіне дейін жеткізуді ескеретінін атап өтті.

Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановтың айтуынша, II жартыжылдықта электр энергиясына бағаның өсуі күтілуде. Соған қарамастан, үкімет халық үшін жарықтың күрт қымбаттауы болмайды деп уәде береді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына тарифтерді төлеу бойынша қолдау ұсынылмақ.

Сондай-ақ, ел шілдедегі түбіртектерде электр энергиясының тарифтерін көтерген операторларды тексереді. Мораторийдің аяқталуына байланысты жаңа бағалар тамыз айындағы шоттарда көрсетілуі тиіс.