Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы мәліметіне сәйкес, жыл сайын 1 млн 350 мыңға жуық адам жол апатынан қайтыс болады.
ERNUR.KZ. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Замир Сағынов еліміздегі жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім көрсеткішін, Қазақстандағы жағдайды мәлім етті, деп жазады Елорда Инфо.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы мәліметіне сәйкес, жыл сайын 1 млн 350 мыңға жуық адам жол апатынан қайтыс болады. Бұл жол апаты кесірінен 3,5 мың адам қаза табады дегенді білдіреді. Оның үстіне жылына 25 млн адам жарақаттанады. Әлемдегі экономикалық шығын ЖІӨ-нің 3 пайызын құрайды», – дейді ведомство басшысы.
Сөз арасында ол соңғы 17 жылда Қазақстандағы жағдайдан хабардар етті.
«Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, соңғы 17 жылда ресми түрде 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 49 мың адам қайтыс болып, 300 мыңнан астам адам түрлі деңгейде жарақат алған. Өкініштісі, қаза тапқандардың 50 пайызы – жастар. Ал олар тірі қалса, елімізге қанша пайдасы тиер еді!? Ел экономикасына қыруар пайда әкелер еді. Мысалы 2013 жылдың қорытындысы бойынша ЖКО салдарынан ел экономикасына 9 млрд АҚШ доллар зардап келіпті. Бұл Азия Даму банкінің мәліметі», – дейді Замир Сағынов.
Айтуынша ДДСҰ мәліметіне сәйкес, Қазақстан 171 елдің ішінде ЖКО-ның 100 мың адамға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші бойынша 17,6 өлім рейтингімен 74-орында тұр.
«Салыстыру үшін ТМД елдерінде Ресей – 18 өлім көрсеткіші, Беларусь – 8,9 өлім көрсеткіші. Қауіпсіз елдер рейтингінің көрсеткіші 5,5 адаммен Еуроодақ бастаса, мейлінше нашар көрсеткіштер Африка мен Латын Америка елдерінде. Оларда 100 мың адамға 35 өлім келеді. Дегенмен 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ЖКО 100 мың тұрғынға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші 10,4 өлімді құрады. Яғни ДДСҰ есебінің 2016 жылғы көрсеткішінен 7,2 әлде 41 пайызға қысқарған», – дейді ол.