Елімізде ұн бағасы қымбаттады

0
1 164

Жыл басынан ұн өндірісі 2 пайызға қысқарған.


Елімізде ұн бағасы қымбаттады

ERNUR.KZ. 2020 жылдың қазанында елімізде өткен жылмен салыстырғанда ұн бағасы келісіне 24,1 пайызға қымбаттап, 231 теңгеге жетті. Жоғары сұрыпты ұнның ең қымбаты астанада – келісіне 308 теңгеден. Ең арзаны – Павлодар қаласында – 154 теңгеден, деп жазады Azattyq Ruhy.

Бірінші сұрыпты ұн келісіне 181,5 теңгеден саудалануда. Бұл былтырғыдан 17,3 пайызға қымбат. Ең жоғары баға Нұр-Сұлтан қаласында, 253 теңгеден болса, ең төмені – 134 теңгеден Петропавлда сатылып жатыр.

2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 2,4 млн тонна ұн өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға кем.

Салыстырмалы түрде алар болсақ, 2019 жылы Қазақстанда 3,3 млн тонна ұн шығарылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдағыдан 14 пайызға аз.

Өңірлер арасында ұн өндірісінен Қостанай облысы көш бастап тұр: биылғы көрсеткіш 716 тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға артқан. Одан кейінгі тізімді 297,1 тонна көрсеткішімен Шымкент жалғайды. Бұл аймақтағы көрсеткіш былтырғыдан 13,6 пайызға азайған. Көшбасшылар үштігін Ақмола облысы түйіндейді. Бұл облыста 242,3 мың тонна ұн өндірілген – 4,5 пайыз.

8 ай қорытындысы бойынша ҚР экспорттық сұранысты толықтай жапқан. Импортқа жалпы өнімнің 0,4 пайызы шығарылған – 8,3 мың тонна. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Қаржылай есепте экспорт көлемі – 264,6 млн АҚШ доллары. ТМД елдеріне 350 мың тонна ұн жөнелтілген. Басты импортер – Өзбекстан.

Әлемнің өзге елдеріне 589,9 тонна ұн экспортталған. Ең көп көлем – Ауғанстанға тиесілі.

Ұн өндірушілер қауымдастығының хабарлауынша, ұн бағасы тағы да көтерілмек. Оған бидайдың қымбаттауы себеп. Өткен жылдары бұл өнімнің бағасы қор есебінен тұрақтандырылған. Биыл ол таусылған. Енді елімізде нан және ұн өнімдерінің бағасы көтерілуі ықтимал.