Халықты әйелге теңеген Әбдірахымов әкімдердің үздік үштігіне ілінді

0
2 112

Қазақстанда әлі күнге әкімге 100 пайыз риза болған өңір жоқ. Десек те, әкімдердің көшін Бауыржан Байбек бастап тұр.


Халықты әйелге теңеген Әбдірахымов әкімдердің үздік үштігіне ілінді

коллаж: ERNUR.KZ

ERNUR.KZ. Арнайы зерттеу орталығы жүргізген тексеру осыны анықтады. Түрлі бағыт бойынша 7 балдық шкаламен зерттеу жүргізілген еді. Бірақ 5-тен асқан бірде-бір өңір басшысы табылмады.

2018-дің екінші жарты жылдығында әкімдер қаншалықты жемісті еңбек етті? Халық қаншалықты риза? Әлеуметтік зерттеу орталығы өздерінің кезекті рейтингін жариялады. Ең жоғары 7 ұпайды алған әкім болмады, бірақ.

Бірінші орынға тұрақтаған Алматы басшысы Бауыржан Байбек 4,54 балды еншіледі. Шаһарға енгізген өзгерістерінің ең бастысы - жас әрі болашағынан үміт күттіретін басшы ретінде топ бастаған көрінеді.

Екінші орында Қырымбек Көшербаев тұр. Сыр өңірінің салмақты басшысы, өзінің тәжірибесі арқылы аймақтағы ішкі жағдайды оңтайлы бақылап, Үкіметтегі беделі арқасында сөзі өтімді болғандықтан жоғары бағаланған көрінеді.

Халықты әйелге теңеген Ғабидолла Әбдірахымов үшінші орында. Шымкентте Хобиттер мекені, Диснейлендті орнатуға уәде берген шаһар басшысы халықпен тең тілде сөйлесе алуының арқасында беделге ие деп топшылайды сарапшылар. Популист деуден гөрі, жаңа форматтағы басшы дейді. Өйткені, берген уәдесі көп жағдайда орындалады.

Қарапайым халыққа да, ғаламтор қолданушыларына да жақсы таныс, аңыз әкім Бердібек Сапарбаев үздік төрттіктен көрінген. Қараша халыққа Бердібек Мәшбекұлы ауыл-ауылды қымсынбай аралауға дайындығымен ұнайтын көрінеді. Ал әлемторда оны өз ойын ашық айтудан тартынбайтын шенеунік деп таниды.

Бұл рейтинг әр өңірде жұмыс істейтін 32 сарапшының байламы бойынша жасалған. Жылына екі рет сауалнама жүргізіледі екен.

«Бұл сарапшылардың сауалнамаға берген жауабы. Біздің әраймақта 32 маманымыз бар. 6 түрлі аталымда баға беру ұсынылады. Соңында ортақ арифметикалық баға шығарылып, есептеледі. Қорытынды есеп мәтіні көбіне сарапшыларымыздың пікірлерінен тұрады», - дейді «Стратегия» зерттеу орталығының төрайымы Гүлмира Елеуова.

Кезінде бірнеше қаланы басқарған, саясаттанушы Берік Әбдіғали да осы рейтингпен танысқан. Бірақ, оның төрт үздік әкімі қатарында Ғабидолла Әбдірахымов жоқ.

«Бердібек Сапарбаев пен Қырымбек Көшербаев ол шын мәнінде халықтың өзі мойындап, айтып жүрді. Ал Бауыржан Байбекке келсек, оны да келісуге болады. Өйткені, жаңашыл, өзінің алға қойған мақсатынан қайтпай шын мәнінде де Алматыны көркейтіп жатқаны, оны мойындау керек. Сондықтан мен осы үшеуімен келісемін. Әрине, әрбір аймақта өзінің ерекшеліктері бар. Жамбыл облысында Асқар Мырзахметов келіп біраз жұмыс істеп жатыр. Оны да атап кету керек», - дейді саясаттанушы Берік Әбдіғали.

17 басшының 13-і 4 ұпайдан жоғары баға алмады. Соңғы орында Қостанай әкімі Архимед Мұхамбетов қалып қойған. Маңғыстау басшысы Ералы Тоқжанов 15-ші орыннан көрінген. Нақты халықтың сұранысына салса, әкімдердің рейтінгісі беделі мен тәжірибесіне ғана байланысты дейді, саясаттанушы. Мәселе тек экран мен басылым беттерінде жиі шығумен есептелмейді деген пайымда.

«Әрине, қанша телевидениеге шықты, кім не деді. Оны да ескереді, оған мән бермеуге де болады. Біреу күнде шықса да, бірақ халық оның жұмысына қанағаттанбаса, олар қоса алмайды. Олардың эксперттік сұранысына сенімсіздік туады. Бір облыста мәселе шешіліп жатыр, бір облыста шешілмейді. Қағаз жүзінде бәрінің құзыры бірдей. Еңбастысы, бедел, тәжірибе. Ал құзыр деген мәселе екінші орында. Оған қазір қанша құзыр берсеңіз де бедел,тәжірибесі болмаса, жұмыс бәрібір атқара алмайды», - дейді саясаттанушы Берік Әбдіғали.

Зерттеу жүргізген сарапшылардың пайымынша, егер Әсет Исекешев Елорда әкімі лауазымында қала берсе, көш бастаушы еді. Өйткені бес балдық межені бағындыру тек соның қолынан келіпті. Ал оның орнына келген Бақыт Сұлтанов әзірге 9-шы орында. Қызметін жан-жақты бағалау үшін әлі ерте дейді мамандар.

дереккөз: Еуразия бірінші арнасы