Шаралардың барлығы коронавирус инфекциясының шомылу орындарында таралмауы үшін қолға алынды.
ERNUR.KZ. Елімізде суға шомылу маусымы басталғанымен, жағажайлар жаңа ереже бойынша жұмыс істейді, деп жазды baq.kz.
Ең бастысы, санитарлық талапқа сай келушілердің қауіпсіздігін қатаң сақтауға міндетті. Тек Ақтөбенің өзінде мамандардың жіті тексеруінен өткен орындар ғана адамдарды қабылдай бастады.
Облыста 51 шомылуға арналған жер бар. Оның 40 коммуналдық, 11 жекеменшік. Барлығы да кезекті маусым басталғанша келушілердің қауіпсіздігін сақтауға баса көңіл бөлген. Жылдағы жоспарға сай қажетті құрал-жабдықтармен, бақылау мұнараларымен, қайықтармен қамтылған. Ал, биыл қосымша құралдардың болуы да міндеттелді. Атап айтқанда, енді жағажайлар қызметкерлері және келушілерге де қойылатын талап бар.
Күн сайын жұмыс аяқталғанға дейін қызметкерлер мен келушілер арасында термометрия жүргізу керек. Өз аумағына дезинфекция жүргізу керек. Қызметкерлер маскамен қамтамасыз етілу керек. Келушілерге берілетін тамақтарды арнайы ланч-бокстарда берілуі қажет, - дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Ақтоты Құттыбаева.Шаралардың барлығы коронавирус инфекциясының шомылу орындарында таралмауы үшін қолға алынды. Бұдан бөлек, өзен-көлдердегі қауіпсіздіктің сақталуы да құтқарушыларды алаңдатып отыр. Себебі, өңірде аптап ыстық басталғалы бері 4 адам суға батып кеткен. Кейін анықталғандай, олар рұқсат етілмеген аумақта шомылыпты.
Ал, 1 маусымға дейін жағажайларды тексеру барысында 218 суға түсуге болмайтын жер анықталған. Қазір оларға ескерту белгілерін орнату жергілікті атқарушы билікке жүктелген. Ал, шомылуға болатын өзен-көлдердің табанын тазарту кезінде қатты қалдықтар мен тастар, тіпті заңсыз балық аулаушылардың тастап кеткен аулары табылған. Жаз мезгілінде қауіпсіздік сақтау үшін жағажайларда құтқарушылар кезекшілік атқаратын болады.
Жағажайдағы қауіпсіздік шараларының сақталуы әрдайым басты назарда болмақ. Мұнда санитар дәрігерлер де жиі келетін болды.