Балабақшалар кезекші топтар арқылы, яғни бір топта 15 баладан жұмысын жалғастырады.
ERNUR.KZ. Covid-19 қаупіне байланысты астанада 15 маусымнан бастап балабақшалар, кинотеатрлар мен ОСО-дағы ойын орталықтары қалыпты режимде ашылып, жұмыс істемейтін болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Қала әкімдігі балабақшалар кезекші топтар арқылы, яғни бір топта 15 баладан жұмысын жалғастыратынын хабарлайды. Ең бірінші кезекте балаларын үйіне қалдыруға мұршасы жоқ ата-аналар үшін қызмет етеді. Мектепке дейінгі ұйымға бармаған жағдайда баланың орыны сақталады. Балабақшаға қабылдау үшін учаскелік педиатрдың баланың денсаулығы жайлы анықтамасы болуы тиіс. Баланы балабақшаға қабылдар алдында тәрбиешілер ата-аналардың қатысуымен және медициналық қызметкердің бақылауымен баланы міндетті термометриядан өткізіп, таңертең тексереді.
Қазіргі таңда коронавирустың таралу қаупі сейілмей тұр. Санитария нормасын қатаң сақтау керекү. Ол үшін маска тағып, қолды антисептикпен шайып, қашықтықты сақтаған абзал. Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуына қарағанда санитария нормаларын сақтамаудың салдары шаһардағы ауруханалардың науқастарға толып кету қаупін туғызуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерлер науқастардың бәріне көмек көрсете алмай қалуы ықтимал.
«Инфекция қаупі тіпті денсаулығы мығым зіңгіттей жастардың өзін қалжыратып жіберуі мүмкін. Абай болу керек. Бір адамның селқостығы екінші кісіге қауіп төндірмеуі тиіс. Коронавирус санаулы күннің ішінде адамның ағзасын құртуы мүмкін. Сол себепті өзіңіз үйде емделіп аламын деп ойламаңыз», - дейді Сәуле Қисықова.