Алпысбай Қазығұлов туындыларының өзіне тән даралығы бар. Көп шығармалар арасынан оның еңбектерін оңай тануға болады. Ол суретшілік қырынан бөлек, көңіл-күйдің әсем көріністерін өзіндік шеберлікпен үйлестіреді.
ҚР Ұлттық музейінде талантты суретші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұловтың «Көңіл көктемі» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Елорда Инфоға сілтеме жасап.
Көрмеде автордың балалық шағынан қалыптасқан таным-түсінігі мен қоршаған орта туралы қиял көкжиегі суретшінің «Менің балалық шағымның ауылы», «Белдесу», «Керуен», «Ойын» сынды туындыларында көрініс тапқан.
«Алпысбай Қазығұлов – қазақ көркемөнерінің хас шебері. Суретшінің шығармалары кеңінен танымал. Жеке көрмелері Ресей, Ұлыбритания, Жапония, Түркия т.б. елдерде өткізілген. Бүгінгі көрменің авторы әлемдік өнерге қосқан сүбелі үлесі үшін Еуропа өнер одағының Масарик атындағы сыйлығымен марапатталған. Ол тек Алпысбай ағаның шығармашылығына ғана емес, бүкіл қазақ халқының мәдениетіне берілген үлкен марапат деп танимыз", - деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова.
А.Қазығұловтың туындыларында берілген шынайы өмір көріністері жай ғана көшірме емес, ол шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік жеңіл мәнермен берілген шығармалар болмақ. Автор туындыларынан суретшінің жан тебіреністерін, көркем әлемін тамашалауға болады.
«Бүгінгі көрмеде әдемілікпен, әсемдікпен қауышып отырмыз. Алпысбай Арал теңізінің жағасында туып өскен. Бүгінге дейін 5000-нан астам сурет салған. Алпысбайды қазақтың Пикассосы десек, артық болмайды. Көрме құтты болсын! Алпысбайға шығармашылық шабыт тілеймін!",- деді қоғам қайраткері, композитор Төлеген Мұмамеджанов.
Алпысбай Қазығұлов туындыларының өзіне тән даралығы бар. Көп шығармалар арасынан оның еңбектерін оңай тануға болады. Ол суретшілік қырынан бөлек, көңіл-күйдің әсем көріністерін өзіндік шеберлікпен үйлестіреді. Сондықтан да болар, автор шығармаларының басым бөлігі қарабайыр тіршілік көріністеріне емес, тұңғиық ойдың көркем келбетіне арналған. Көрмеге қылқалам шебері А.Қазығұловтың 100-ден астам көркем суреттері ұсынылып отыр.
Көрме 2018 жылдың 12 желтоқсанына дейін жалғасады.