Ембі мұнайшылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады

0
1 800

Осы орайда, ембілік мұнайшылар Елбасының сындарлы саясатының арқасында қазақстандықтар бүгінгі таңда бақытты өмір кешіп отырғанын атап өтті.


Ембі мұнайшылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады

ERNUR.KZ. Ембі мұнайшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ашық хат жолдады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді!» дейді қазақ. Әсте, ұлтына ұланғайыр еңбек сіңіріп, елінің ертеңі үшін өлшеусіз тер төккен азаматтарға арнаса керек мұндай сөзді. Алғыс сезімінен туған аталы сөз Алаштың алыстағы арманын нақты жақындата білген өзіңізге де арнау сәті дәл бүгін туып отырғандай. Өйткені, таразы басына халықтың сізге деген ілтипаты мен рахметі түсіп отыр. Елге тиісті еңбегімді сіңірдім, халқыма ризамын деп талай мәрте айтып, өз қолыңызбен тұрғызып кеткен Астана қаласының атауы өзгермеуін, оның ішінде сіздің есіміңізбен аталмауын қадап тапсырғаныңызды да білеміз! Алайда, барша қазақстандықтардың да өзіңізге деген риясыз көңілі, шынайы алғысы бізді бүгін ашық хат жазуға мәжбүр етті» - делінген мұнайшылардың хатында.

Осы орайда, ембілік мұнайшылар Елбасының сындарлы саясатының арқасында қазақстандықтар бүгінгі таңда бақытты өмір кешіп отырғанын атап өтті.

«Қаншама ғасырдан бері қазақ халқы бейбіт күнді, тыныш заманды армандап келді, сол үшін тер төкті, қан кешті. Ертеңіне алаңдамай, бүгінгісіне шүкіршілік еткен заманның туарына сенді, үмітін өшірмеді. Сол күнге де жетті, рахатын көріп отыр. Жеткен жетістігі бар, алар асулары әлі де мол мынау күн - ең алдымен сіздің маңдай теріңіздің, күш-жігеріңіздің жемісі!» -дейді мұнайшылар.

Сонымен қатар олар Елбасының Астананы салып, әлемге танытқан еңбегін де ерекше бағалап отыр.

«Қазір барша әлем Қазақстан десе, ең алдымен өзіңізді біледі, сіз тұрғызған Астананы таниды! Бұл - тарихқа таңбаланып қалған синонимдер! Осы жағдайда қазақ неге өз елордасын, өзінің Астанасын кемеңгер ұлының, заңғар көшбасшысының есімімен атағанын жөн көреді. Бұл халықтың орынды да, орындалуы тиісті тілегі деп білеміз. «Алғыс айта білмеген елдің алар асуы аласарады» - дейді данышпан қазақ. Осы тұрғыдан қарар болсақ, Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту халықтың заңды алғысы деп пайымдағаныңыз абзал!

Ембі мұнайшылары Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуін Сізден өтінеді. Бұл жалғыз біздің емес, барша қазақстандықтардың тілегі! Халықтың тілегі қабыл болады деп үміттенеміз. Өйткені, Сіз ешқашан елдің тілегін елеусіз қалдырып көрген жоқсыз! Алға, Қазақстан!», деп жазды Ембі мұнайшылары.