"Еңбегімізді бағалап жатқан жоқ": Маңғыстау облысында жұмыссыз қалған мұнайшылар бас көтерді

0
805

Жетібай кен орнындағы ұңғымаларға күрделі жөндеу жүргізетін 200-ге жуық жұмысшы карантин кезінде жұмыссыз қалған.


ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында жұмыссыз қалған мұнайшылар бас көтерді. Карантин кезінде нәпақасынан айырылған «М-техсервис» компаниясының бір топ қызметкері басшылығына наразылық білдірді, деп жазады stan.kz.

Жартысы алты ай, жартысы үш айдан бері немен күнелтерін білмей жүрген азаматтар компания басшылығынан тұрақты жұмыс тауып беруді талап етті. Ал мұнай ұңғымаларына күрделі жөндеу жүргізетін компания тендер өткізген тапсырыс берушіні күтіп отырғанын айтады.

Жетібай кен орнындағы ұңғымаларға күрделі жөндеу жүргізетін 200-ге жуық жұмысшы карантин кезінде жұмыссыз қалған. 6 айдан бері әр жақтан жұмыс істеген олар енді жұмыстан шығарған компания басшылары тұрақты жұмыс тауып берсін деп талап қойды. Айтуларынша, мұнайшыларды жұмыстан қысқартпау туралы премьер-министрге облыс әкімінің қолы қойылған құжат та жолданған.

"Бәрінің несиесі бар. Бәрі қаңғып жүр. Бәріміз қытайдың құлымыз, бала-шағаны нәпақамен бағып жүрміз. Бірақ бізді ешкім қадірлеп, еңбегімізді бағалап жатқан жоқ", - деді мұнайшы Қыдырқожа Демеуов.

"Не бізді жұмыстан шығарып жібереді. Тоқаевтың айтқан сөзі бар: "Карантин кезінде ешқандай жұмысшыны жқмыстан шығаруға болмайды".

Жетібай кен орнындағы жөндеуді жүзегі асыру үшін 175 адамды жұмыспен қамтыған компания тапсырыс беруші тарапты күтіп отырғанын айтады. Компания өкілі "МаңғыстауМұнайГаз" тендерін ұтып алған, бірақ осы уақытқа дейін ол тараптан жұмысты бастау туралы хабарлама алмағанын жеткізді. Сонымен қатар, ол тапсырушы жұмысты жүргізуге рұқсат берсе, мұнайшыларды қайта жұмысқа алуға дайын екендерін жеткізді.

"Бұл азаматтар ғана емес, біз де тапсырыс күтіп отырмыз. Тапсырыс болса жұмыс та бар. Мұнай компаниясынан тендер жеңген едік әлі күнге дейін жауап жоқ. Бұл туралы жергілікті билік, тапсырыс берушілер, үш жақты кездесуде айтылған. Мәселе шешілсе жұмысшыларды қайта шақыртамыз", - деді Қолат Сүлейменов.

Карантин басталғалы үйде отырса да жалақы түгілі 42500 теңге ала алмаған мұнайшылар мәселе тезірек шешілмесе аштық жариялайтындарын айтты.