​Енді астаналықтар қоқысты сұрыптап тастайды

0
2 871

Бүгін елордадағы 4 тұрғын үй кешенінде өңделетін тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер орналастырылды. Енді қала тұрғындары қоқыстарды аталған контейнерлерге сұрыптап тастайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ


​Енді астаналықтар қоқысты сұрыптап тастайды

Бүгін елордадағы 4 тұрғын үй кешенінде өңделетін тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер орналастырылды. Енді қала тұрғындары қоқыстарды аталған контейнерлерге сұрыптап тастайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Биыл Астана қаласы әкімдігі мен ӨКМ Операторы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша пилоттық жобаны қолға алып, оған 5 миллиардтан астам теңге бөлді. Осы қаржыға 2018 жылдың аяғына дейін қала аумағындағы тұрғын үйлерде 6 мыңнан астам арнайы контейнерлер орналастырылады.

Жоба аясында қоқыстар екі категорияға бөлініп тасталады: құрғақ (пластикалық қалдықтар, қағаз, металл, әйнек) және ылғалды (тамақ қалдықтары, тазалық құралдары, тоқыма өнімдері, ескі ағаш бұйымдары).

Жоба авторларының айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастау қоқыс өңдеу көрсеткішін 25% арттыруға мүмкіндік береді.

«Тұрмыстық қалдықтар өңдеу арқылы олардан шикізат алуға болады. Яғни қоқыстар сары контейнерге тасталғаннан кейін олар қоқыс өңдеу зауытына жіберіледі. Зауытта пластик пен макулатураны өңдейтін екі цех жұмыс істейді. Аталған цехтарда қалдықтар өңделгеннен кейін олардан әртүрлі өнім жасалады. Пилоттық жоба бізге қоқыс полигонының ауданын азайтуға, ауаға таралатын зиянды қалдықтардың мөлшерін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім жетекшісі Айнұр Сұлтангулова пресс-тур барысында.

Сонымен қатар, астаналықтар ылғалды қалдықтарды жасыл контейнерге тастай алады. Мұндай қоқыстар әзірге өңделмейді. Сондықтан олар полигонға жіберіледі. Алайда Айнұр Сұлтангулованың айтуынша, алдағы уақытта ылғалды қалдықтарды өңдеуге арналған арнайы жобаны қолға алу жоспарланып отыр.

Тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастау және оны өңдеу жобасына 5,2 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ осы қаржыға отандық 25 қоқыс тасымалдайтын машина сатып алынады.

Сонымен қатар, Айнұр Сұлтангулова зауытта өңделген қалдықтар нарыққа шығарылатынын атап өтті.

«Зауыттағы қоқыстардан полиэтилен және полимер түйіршіктері алынады. Ал оны қандай мақсатта пайдалану қажеттігін бизнес қауымдастық өкілдері өздері шешеді. Сондай-ақ, халық арасында қоқысты сұрыптап тастау бойынша насихат жұмыстары жүргізіліп, мастер-кластар ұйымдастырылады. Мысалы, біз балаларға қоқысты сұрыптап тастауды үйрету үшін ойын өткіземіз. Осылайша, олар тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастауды үйренеді», - деді бөлім жетекшісі.

Айнұр Сұлтангулова аталған жобаны жүзеге асыру үшін халықтың да көмегі қажет екенін атап өтті.

«Біз Астана тұрғындарының басым бөлігі бастамамызға қолдау білдіріп, бізге көмектеседі деген үміттеміз», - деді ол.

Айта кетейік, тұрмыстық қалдықтарға арналған арнайы контейлерді қала аумағына Clean City компаниясы орналастырады.

Сондай-ақ пресс тур барысында аталған жобаны ұйымдастырушылар журналистерді Астанадағы қоқыс өңдеу зауытына апарып, тұрмыстық қалдықтардың қалай өңделетінін көрсетті.