Ұтыс ойынына тамыздың 1-і мен 31- аралығында тіркеткен азаматтар ғана қатыса алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көліктерін egov.kz порталы арқылы онлайн тәсілмен тіркеткен азаматтар арасында ұтыс өткізеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оған көліктерін тамыздың 1-і мен 31- аралығында тіркеткендер қатыса алады.
Бүгіннен бастап жаңа көлік алып, өз атына онлайн тіркеткен қазақстандықтар «Көлігіңді онлайн тіркеп, ұтып ал жаңа дөңгелек» ұтыс ойынына қатысып, бірнеше сыйлықтың бірінің иегері атана алады. Бұл шара көлікті қайта тіркету мемлекеттік қызметінің электронды форматта алу үрдісін танымал етіп, халықты қызметтерді онлайн алуға ынталандыру үшін жүргізіліп отыр.
Ұтысқа қатысушылардың тізімі жеке сәйкестендіру нөмірлерінен тұрады, жеңімпаздар кездейсоқ таңдау бойынша анықталатын болады. Ұтыс 1 қыркүйек күні сағат 15.00-де мемлекеттік корпорацияның инстаграмдағы @gov4c.kz парақшасында жүргізіледі.
Байқау жеңімпазына жаңа дөңгелектерді алуға мүмкіндік беретін сертификат табысталады, жеңімпаз оларды қалауынша көлігінің маркасына сай қылып ала алады. Одан бөлек, жұбаныш сыйлықтары да ойнатылады. Ұтысқа қатысушылар сақтандыру полисін, көлік жуу орталығына абонемент, бейнетіркеуіш, май ауыстыру, жанармайдың толық багын ұтып ала алады.
Айта кетейік, автокөлікті қайта тіркеу үшін көлік иелерінің электронды цифрлық қолтаңбасы болу керек. Жыл басынан бері елімізде 26 мың көлік онлайн тәсілмен рәсімделген.