Енді мұғалімдерді медициналық сақтандыруда мәселе туындамайды

0
669

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау министрінің МӘМС-ке аударым және/немесе жарна аудару ережесі мен мерзімі туралы бұйрыққа толықтыру енгізуге бастамашы болып отыр.


Енді мұғалімдерді медициналық сақтандыруда мәселе туындамайды

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігіне кейбір мұғалімдердің жазғы каникул кезінде МӘМС-ке төленетін үш айлық жарнаның бірден аударылуы салдарынан медициналық мекемелерге қаралу мүмкіндігінен айырылатындықтарын айтып, ресми сауал жолдаған едік. Ведомство мұндай кемшіліктің жоқ екенін алға тартып отыр, деп жазады inform.kz.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі — Заң) 30-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмыскерлердің, оның ішінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеуді (ұстап қалуды) және аударуды жұмыс беруші ай сайын жүзеге асырады. Заңның 30-бабы 1-1-тармағына сәйкес, бірыңғай төлем төлеушілер Салық кодексі 776-4-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімде қорға аударым мен жарна төлейді», — деп атап өтеді министрліктен.

Ведомствоның мәліметінше, Салық кодексі 776-4-бабының 5-тармағына сәйкес, салық агенті есепке жазылған кіріс бойынша бірыңғай төлемді екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жалпы сомамен ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік шотына осындай бірыңғай төлем аударылатын айды көрсете отырып аударады.

«Жоғарыда баяндалғанның негізінде білім беру ұйымдары педагогтердің демалыс кезеңі үшін аударымдарын және (немесе) жарналарын, оның ішінде МӘМС жарналарын есептеуді (ұстап қалуды) және аударуды жалпы сомамен ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей төлем аударылатын айды көрсете отырып жүргізетінін мәлімдейміз», — деп нақтылайды министрліктен.

Алайда, медициналық сақтандыру қоры ұзақ демалыс кезінде қызметкерлердің сақтандырылған мәртебесін сақтауға кепілдік беру үшін өзгерістер енгізілетіндігін хабарлады.

«МӘМС туралы» заңға сай жұмыс беруші ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыруға қызметкері үшін аударымдар мен жарна төлеуі тиіс. Бір айда аударым болмаған жағдайда қызметкер МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесінен айрылады. Осыған қарамастан, Қазақстанның кейбір өңірлері мен жекелеген салаларында бұл төлемді айларға бөлмейді және қызметкер медициналық қызмет алуға жүгінген кезде сақтандырылған мәртебесінің жоғалғанын анықтайды. Атап айтқанда, кейбір мұғалімдер, тау-кен кәсіпорындарының қызметкерлері және вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер осындай жағдайға тап болады», — деген еді қордан.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау министрінің МӘМС-ке аударым және/немесе жарна аудару ережесі мен мерзімі туралы бұйрыққа толықтыру енгізуге бастамашы болып отыр.

Қор аталған құжат мәтінінде «ақылы еңбек демалысы кезеңіндегі табысты есептеу кезінде аударымдар мен жарналар демалыс күндерінің санына барабар есептелген кезеңдер бойынша бөлек аударылатынын» нақтылауды ұсынады.

Қазіргі уақытта бұл ұсыныс уәкілетті орталық мемлекеттік органдардың қарауында жатыр.

Толықтыру қабылданған жағдайда ұзақ мерзімді ақылы еңбек демалыс кезінде қызметкерлердің сақтандырылған мәртебесін жоғалту мәселесі шешілмек.