"Ерекшелікке жаны құмар": "Славян базары" байқауында жеңіске жеткен қазақстандық әнші туралы ұстазы айтып берді

0
500

"Ол өте ұяң қыз. Осындай деңгейдегі байқауға қатысуда оның ұяң мінезі бізге біраз кедергі болды, дейді Рухияның ұстазы.


ERNUR.KZ. "Славян базары" байқауында Гран-при жеңіп алған қазақ қызы Рухия Байдүкенова туралы өнердегі жетекші ұстазы Ирина Воловикова айтып берді, деп жазады nur.kz.

Ирина Воловиканың сөзінше, Рухия осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Талдықорғаннан елордаға арман қуып келген. Бүгінде Рухия Байдүкенова - Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті.

"Рухия - Талдықорғанның қызы. Менің шәкіртім. Бастапқы төрт жыл колледжде менен вокал бойынша сабақ алды. Қазір университетте мамандығын жалғыстырып жатыр. Қазір үшінші курсты бітірді. Жалпы мен Рухиямен жеті жыл жұмыс жасап келемін. Түрлі ән байқауларына дайындаймын", - дейді Рухия Байдүкенованың өнердегі ұстазы.

Ирина Воловикова Рухияның жеңісіне бірнеше жағдай себеп болғанын алға тартады.

"Әр байқаудың өзіне лайық, әділ қазыларын таңғалдыратын, мықты әндері болады. Біз осыны есепке ала отырып, фактуралы, күшті энергетикасы бар, жоғары ноталарға бай әндерді таңдадық. Мысалы Рухия осы байқауда шырқаған "Зозуля" әнін колледжден бері біледі. Байқауда славян тіліндегі ән талап етілгендіктен таңдауымыз осы әнге түсті. Екінші күні оркестрмен айтты. Біз ол әнді өте көңілді болғандықтан да таңдадық. Рухияның екі әні де көңілді мотивтегі әндер болды. Рухияның жеңісіне әнді сәтті таңдауы маңызды рөл атқарды. Өйткені талантты бола тұра әнді қателесіп таңдалып кетуі мүмкін. Мұндайда байқауға қатысушы сахнада көзге түспеуі мұмкін. Бұл біріншіден.

Екіншіден, Рухияының ерекшелікке жаны құмар. Креативті жақсы көреді. Рухияның ән айтқанын көрген болсаңыз, ол басқа қатысушылардан ерекшеленіп, көш ілгері тұрды. Мұнда жаңа идея да, дыбысты жан тәнімен игере алу, ән айтуында бірнеше режимді еркін қолдана білуі де көрініп тұрды. Вокалистің ән орындауда бірнеше режимді пайдалануы - жоғары кәсібилікті білдіреді. Онда фальцет режимі, лепті режим де болды. Ол өзін жан-жақты көрсетті. Және әрине, талант та өте маңызды рөл атқарды. Және үлкен еңбек", - дейді ол.

Ұстазы Рухияның еңбекқорлығын атап өтті. Ол "Славян базарына" баруда кездескен қиындықты жеңіп шығуда шәкіртінің жеке қасиеттеріне тәнті болғанын жеткізді.

"Рухияның қанжығасында жеңісті сәттер өте көп. "Славянский базар" байқауына қатысуының өзі айтып тұрған шығар. Рухия Қазақстанда байқауларға жиі қатысады. Қазақстаннан өзге халықаралық байқауларға қатысып, жүлде алып жүрген қыз. Оның жеңістегі еңбекқорлығы бірінші кезекте.

Ол өте ұяң қыз. Үлкендерді құрметтей біледі. Осындай деңгейдегі байқауға қатысуда оның ұяң мінезі бізге біраз кедергі болды деп айта аламын. Өйткені оған байқауға қатысуға көмек ретінде адамдардан ақша сұрау ұят көрінді.

Құдайға шүкір, бізге университет те, министрлік те ақша бөліп, қол ұшын созды. Костюм тіктіруге, аранжировкаға, жол күресі үлкен қаржыны талап ететіні көпке мәлім. Рухия батыл қыз, ол алдына келген қиындықтар мен бәсекені жеңе отыра, рухы мықты адам ретінде қалыптасты. Еңбексүйгіштігі, ұяңдығы, мақсатқа жете білу қасиеттері оның ең басты ерекшелігі. Ол әрдайым елгезек", - дейді Ирина Воловикова.

Ұстазы Рухия Байдүкенованың төртінші курсты лайықты тәмамдап, оның үлкен сахнаға шығуына еңбек етіп жатқанын жеткізді.