Ерлан Тұрғымбаев: Митинг кезінде көбіне полиция қызметкерлері жарақат алды

0
1 459

Митинг кезінде 4 мыңға тарта адам ұсталған.


Ерлан Тұрғымбаев: Митинг кезінде көбіне полиция қызметкерлері жарақат алды

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 9-13 маусым күндері ірі қалаларда тіркелген халықтың митингтеріне қатысты пікірін білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«9 маусымнан 13 маусымға дейін ҚР қалаларында санкцияланбаған минингтер болды. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бірнеше рет ескертуіне қарамастан, санкцияланбаған митингке шыққан азаматтар митингтер мен демонстрациялар туралы заңды бұзды. Ол заңда митингті ұйымдастырып, оған шығу үшін азаматтардың жергілікті атқарушы органдарға өтінім жазуы керектігі, рұқсат берілген жағдайда аталған митингтерді өткізу керектігі нақты жазылған», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, бақтар мен мәдени шаралар өтетін орындарда жағдай күрделеніп, жоспарланған шаралар өтпей қалған.

«Жол қозғалысы шектеліп, Республика даңғылында төрт сағат бойы қозғалыс тоқтады. Бұл жағдай азаматтардың мазасын кетірді. Сол себепті, құқық қорғау органдары, оның ішінде полиция қызметкерлері аталған шиеленісті реттеу, құқықтың қорғалуын сақтау бойынша шараларды қабылдады. Полиция күштері, артынша ұлттық гвардия жұмылдырылды», - деді ол.

Оның айтуынша, митинг кезінде тәртіп сақшылары жарақат алған.

«Бәрін де өздеріңіз көрдіңіздер. Видео мен фотода полицияға қалай шабуыл жасалып жатқанын, қалқандарды теуіп жатқанын, тартып, соғып жатқанын көрдіңіздер. Негізінен көбі жеңіл жарақаттар. Бас ми жарақаты, жіліншіктің сынуы жағдайлары кездесті. Себебі, дене жарақаттары таяқтан, арматура мен тастан келіп жатты. Кейбір азаматтар осыларды пайдаланып, жағдайды ушықтырғысы келді», - деді ол.

Министрдің айтуына қарағанда, полицияға арнайы құралдарды - газ қаруын, дубинка мен өзге де заттарды пайдаланбау туралы пәрмен берілген.

«Қазақстандық полиция оларды қолданбады. Тек шиеленісті реттеу үшін физикалық күш пайдаланылды. 4 мыңға тарта адам ұсталып, 3 сағаттың ішінде 3 мыңы босатылды. 677 адам сот арқылы арқылы әкімшілік қамауға алынды. 305-не айыппұл салынды», - деді министр.