Тәуелсіздік жылдарында қылмыспен күресте, азаматтардың өмірін қорғау жолында жанын қиған 3 полиция қызметкерінің құрметіне ескерткіш тақта ашылды.
ERNUR.KZ. Бүгін Атырауда ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиевтың отбасына Президент жарлығымен III дәрежелі «Айбын» ордені берілді, деп жазады ҚазАқпарат.
Қызмет бабында қаза болған полицейдің анасы Ләззат Мәженқызына мемлекеттік награданы бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев табыс етті. Сондай-ақ, өңір басшысы Отан қорғаушылар күніне орай өткен шарада облыс полицейлері өздеріне міндеттелген тапсырмаларды жоғары дәрежеде атқарып келе жатқанын жеткізді.
Шарада, сондай-ақ, сенат депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, генерал-лейтенант Абай Тасболатов сөз алып, жиналғандарды құттықтады. Мерекеге орай Президент және ІІМ, сондай-ақ, облыс әкімдерінің мемлекеттік наградалары мен алғыс хаттары табыс етілген соң сала ардагерлері бастап департаменттегі мемориалға арнайы жасақтап қойылған ескерткіш тақтасына бет алды.
Салтанатты ашылу рәсімі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен полиция департментінің бастығы генерал-майор Аян Дүйсембаевтың қатысуымен өтті. Тақтаға тәуелсіздік жылдарында қылмыспен күресте, азаматтардың өмірін қорғау жолында жанын қиған 3 полиция қызметкерінің фотосуреті мен есімдері ойып жазылған.
Олар 1993 жылы қылмыскерлерді құрықтау барысында қаза болған жедел уәкіл полиция аға лейтенанты Бисекенов Асқар Түсіпұлы, 2009 жылы қызмет кезінде мас жүргізуші автокөлікпен қағып оқиға орнында мерт болған Өтемісов Нұрберген Сисенбайұлы және биыл наурыз айында көпірден секірген азаматшаны судан құтқару кезінде мерт болған Ақымғалиев Шалқар Көшкінбайұлы.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына орай сөз сөйлеген Асқар Бисекеновтың анасы Сара Мұсағалиева ішкі істер органдарының қызметрелерінің еңбегін жоғары бағалап, ерлікті ұлықтаған жандарға алғысын жеткізді.
Батырлардың құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып аспанға оқ атылды. Сап түзеген ішкі істер органдарының қызметкерлері мемориал алдына гүл шоқтарын қойды.
Айта кетелік, Атырау полициясы тарихында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, азаматтардың өмірін қорғауға атсалысқан 6 қызметкер «Ерлігі үшін» медалімен, 4 қызметкер «Айбын» орденімен марапатталған.