Ол жүктеген видеода тұңғыш президентті айнытпай салған біреудің дауысы жазылған.
ERNUR.KZ. Танымал әнші қолына телефон ұстап түскен Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін жариялады. Әртіс тіпті оған Елбасының дауысына ұқсас біреудің дауысымен оқылған тілектің аудиосын қоса жүктеген. Ол тыңдармандарын Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында өтетін концертіне осындай тәсілмен шақыруды жөн көрген, деп жазады inbusiness.kz.
Жалпы, қазір танымал адамдардың дауысын айнытпай салатын технологиялар кең етек жая бастады. Мысалы, көршілес Ресейде Тимур Бекмамбетов Vera Voice деп аталатын жобаны іске қосқан болатын. Бұл технология дауысқа талдау жасап, оның цифрланған көшірмесін жасап шығарады. Бекмамбетов бұл сервисті ойын, фильм, жарнама мен басқа да жобаларды дыбыстау мақсатында қолдануды көздеп отыр.
Талдау үшін бар болғаны адамның дауысы жазылған бірнеше сағаттық аудиодерек пен цифрланған мәтін керек. Олар бірнеше нейрондық желіге жүктеліп, содан кейін адамның цифрланған дауысы жазылып алынады.
Айта кету керек, жоба авторлары танымал адамдардың мүддесін қорғап, «фейктермен» күрес жүргізбек. Ондағы мақсат – осы технологияны арам ойын жүзеге асыру үшін пайдаланатындардың әрекетіне балта шабу. Тимур Бекмамбетовтың айтуынша, фейк дауыстар мен танымал адамдардың дауысын заңсыз жасап шығарумен күрес – жобаның негізгі міндеттерінің бірі.