"Ешқайда шықпайды": Пойыздағы жаңа тәртіп туралы айтылды

0
1 129

Арақашықтық вокзалда ғана емес, вагонның ішінде де сақталуы шарт. Дезинфекциялық шаралар жүргізіледі.


ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 маусымнан бастап пойыз қатынасы ашылады. Осыған орай, көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов негізгі талаптар туралы айтып берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"Вокзалға тек бетпердемен және билетпен ғана кіргізеді. Ал арақашықтық вокзалда ғана емес, вагонның ішінде де сақталуы шарт. Дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Вокзалда және вагондарда санитайзерлер тұрады. Жолаушылардың дене қызуын үнемі өлшеп отырады", - деді Байғабылов.

Оның айтуынша, пойыздарда мейрамхана-вагондар жұмыс істемейді. Жол-жөнекей тамақ та сатылмайды. Сондай-ақ, вагондар арасында жүруге тыйым салынады. Ал жолаушылар тек өз орнында ғана отыруы шарт, ешқайда шықпайды. Бұның барлығын жол серіктері бақылап отырады.

"Айта кетер жайт, пойызбен жүретін жолаушыларды барған жерінде карантинге алмайды. Олар емін-еркін жүре алады", - деп атап көрсетті Байғабылов.

Еске сала кетсек, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 1 маусым күні блок бекеттер алынып, 5 маусымнан бастап қалааралық автобустардың жолға шығатынын мәлімдеген болатын.

Адамдар арасында кемі бір метр арақашықтық сақталуы тиіс. Көлік жүргізушілері бетперде, қолғаппен қамтамасыз етілуі шарт. Ал әкімдіктер болса, бақылау жүргізеді.