ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында әлем экономикасының дамуын тежейтін факторларды атады, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Геосаяси шиеленіс пен протекционизмнің белең алуы әлемдік экономиканы өзгертіп жатыр. Бұл экономиканы баяулатып қана қоймай, жаһандық өсім мен тұрақтылыққа кедергі келтіруде. Алайда кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашатынын уақыт көрсетті. Орасан зор технологиялық серпін беретін «цифрландыру» осындай мүмкіндіктің бірі деп санаймыз. Цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді. Жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар (IoT) және Үлкен деректер (Big Data) секілді жаңа тұжырымдар мен технологияларды кең көлемде енгізу ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін барлық саладағы ойын ережесінің өзгеруіне алып келеді», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, президент цифрландыру тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы факторға айналғанын атап өтті.
«2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр.Болжам бойынша 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады. Бұл үрдістің Қазақстан үшін аса маңызды екенін анық түсінеміз. Басқаша айтқанда, цифрландыру біз үшін ұлттық маңызы бар мәселеге айналды. Біз Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздеп отырмыз», – деді Тоқаев.