Ғылым, білім және денсаулық сақтау: Президенттің 7 жылдағы сайлауалды бағдарламасы талқыланды

0
1 119

Қоғамдық кеңес мүшелері бағдарламадағы бастамалар туралы айтты.


Ғылым, білім және денсаулық сақтау: Президенттің 7 жылдағы сайлауалды бағдарламасы талқыланды

ERNUR.KZ. AMANAT партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп жазады Azattyq Ruhy.

Жиында 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауының қорытындылары мен сайлауалды бағдарламасындағы білім беру және ғылым, медицина, мектепке дейінгі білім беру саласы талқыланды.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова барлық парламенттік партия фракциялары, ірі қоғамдық ұйымдары жұмылып халықтық коалиция құрғаны туралы айтты.

«Халықтық коалиция Қасым-Жомарт Тоқаевты президентке үміткер ретінде ұсынды. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақыт жүргізілді. Науқан кезінде республикалық сайлау штабы жұмыс істеді. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қаланы, 5 мыңнан астам елді мекенді аралады. 24 мың үгіт-насихат іс-шарасы өткізілді. 3 млн-ға жуық сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңға жуық ұсыныс пен тілек жиналды. Сонымен қатар Tokayev2022 сайты жұмыс істеді. Аталған сайтқа келіп түскен тілектер саны 51 мыңнан асады. Сайлауға 8,3 млн адам қатысты. Оның қорытындысы бойынша кандидатымызға 81,31 пайыз дауыс берілді. Осылайша, алдағы 7 жылдық дамудың бағыты айқындалды», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, отандық және халықаралық байқаушылар сайлау әділ әрі заңға сай өткенін атап өтті.
«Еліміз Әділетті Қазақстан құруға қадам басты. Ең алдымен әлеуметтік сала, экономика, өңірлік саясатта халық түбегейлі өзгерістерді күтіп отыр. Бұл өзгерістер тек Президенттен ғана емес, қоғам болып жасалатын бастамалар», - деді ол.
«Bilim Invest» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының президенті Күләнда Батырбекова елдің ертеңіне сенім білдіріп, инвесторлар қазіргі Президентке дауыс бергенін айтты.
«Өзім ауылдық жердегі білім саласын көтеріп жүрген азамат болғандықтан, осы саладағы белестерді бағындыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Президентіміздің бағдарламасы осыған сәйкес келіп тұр. Оны жүзеге асыруға өңірлердегі барлық әріптесіміз атсалысуы керек», - деді ол.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ақмарал Әлназарова ауылдағы денсаулық сақтау мәселесі туралы айтты.

«Мемлекеттің ең басты байлығы – адами капитал. Халық денсаулығы Президенит бағдарламасында жақсы көрініс тапты. Оның ішінде түйткілді мәселелер де көрсетілген. Ауылдық медицина саласында жүзеге асырылғалы жатқан реформа өте құптарлық бастама. Халықымыздың жартысы ауылда тұрады. 75 мың дәрігердің 18 пайызы ғана ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бағдарламада көрсетілген барлық бастаманы орындауымыз керек», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, 3 млн-ға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ.
«Осы мәселе алдағы 7 жылда шешіледі деген үміт бар. Себебі оның ішінде 1,5 млн адам – ауыл тұрғыны. 1,3 млн-ы – әйелдер. Ана мен бала денсаулығын жолға қоямыз десек, осы мәселені түбегейлі шешуіміз керек», - деді Әлназарова.
Айта кетейік, отырысқа Мәжіліс депутаттары, кеңес мүшелері, партия жанындағы өңірлік және аймақтық кеңестің төрағалары мен мүшелері қатысты.