Ел ішінде киберқылмыстарды шұғыл тергеу үшін "CyberPol" топтары барлық өңірде жұмыс істейтін болады.
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтыққа қатысты қылмытсық істер не себептін ұзақ тергелетінін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.
Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, алаяқтар көбінесе шетелде отырады. Ал оларды жылдам ұстау үшін сол жақтағы байланыс провайдерлері мен интернет-ресурстар иелерінің меншігіндегі ақпаратпен жедел алмасу қажеттілігі туындайды. Ол үшін арнайы конвенция бар. Қазақстан соған қосылуы керек.
"Бүгінгі таңда осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты көздейтін жалғыз құжат Еуропа кеңесінің компьютерлік қылмыстар жөніндегі конвенциясы болып саналады. Министрлік конвенцияға қосылу бойынша бірқатар шаралар қабылдады, соның нәтижесінде осы жылдың сәуір айында Қазақстанға Еуропа кеңесінен конвенцияға қосылуға шақыру келіп түсті", - деді киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы.
Қазақстан конвенцияға қосылса, құқық қорғау органдары шетелдік құзыретті органдармен жедел ақпарат алмаса алады. Соның нәтижесінде интернет желісінде жедел-іздестіру іс-шараларын кеңейтуге мүмкіндік болады.
"Сонымен қатар, заңнаманы конвенция нормаларына сәйкес келтіру, сондай-ақ оны ратификациялау процесі қолға алынады", - деп атап көрсетті орталық басшысы.
Айта кетері, ел ішінде киберқылмыстарды шұғыл тергеу үшін "CyberPol" топтары барлық өңірде жұмыс істейтін болады.